What are you looking for?

«KMF» МҚҰ екінші деңгейлі банкке айналуға рұқсат алды

20.03.2025

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «KMF» микроқаржы ұйымы» АҚ (бұдан әрі – «KMF» МҚҰ) өз еркімен қайта ұйымдастырылып, екінші деңгейлі банкке айналуына рұқсат берді.

«KMF» МҚҰ-ның банкке айналуы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауы барысында жариялаған банк секторының бәсекелестігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта «KMF» МҚҰ – Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы және микрокредиттеу нарығының көшбасшысы. Ол негізгі көрсеткіштер бойынша 218 микроқаржы ұйымының ішінде 1-орынды иеленеді және нарықтағы үлесі 20%-дан асады.

Микроқаржы ұйымының активтері 2021 жылғы ақпанда лицензия алған сәттен бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін 218%-ға немесе 181,8 млрд теңгеге өсіп (336,3 млрд теңгеге), ссудалық портфелі 206%-ға немесе 143,9 млрд теңгеге (280,2 млрд теңгеге дейін) артты. Осылайша, қаржылық көрсеткіштерге сәйкес болашақ банк Қазақстан нарығындағы ірі банктер қатарына кіруі мүмкін.

Компания халықаралық Fitch рейтингтік агенттігінің ұзақ мерзімді несие төлем қабілеттілігі рейтингісінде «B+» деңгейіне ие, болжамы – «Тұрақты».

«KMF» МҚҰ шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы субъектілерін және жеке тұлғаларды қолдауды белсенді түрде жалғастырып келеді. Компанияның қаржылық өнімдері кеңінен таралған филиалдық желі арқылы ұсынылады. Қазіргі таңда оның ел аумағында 17 филиалы және 122 бөлімшесі бар, соның ішінде ең шалғай аудандарды қамтиды. Бұл халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Екінші деңгейлі банкке айналғаннан кейін ұйым шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуді, топтық қарыз беруді, тұтынушылық несиелерді және басқа да банк қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, финтех бағыттарын дамытуға (маркетплейстер және басқа сервистер) басымдық беріледі.

«KMF» МҚҰ – реттеушіден банкке айналуға рұқсат алған екінші микроқаржы ұйымы. Бұған дейін, 2024 жылғы 12 маусымда, Агенттік кореялық «BNK» МҚҰ-ның екінші деңгейлі банкке айналуына рұқсат берген болатын.

Social Link

Follow Me On Social Media