Ұлттық өнер мен цифрлық технологияның тоғысында дүниеге келген Сарәуен – қазақтың тұңғыш жасанды интеллект әншісі. Бүгінде адам мен нейрожелі арасындағы шекараның жойыла бастағанын осыдан-ақ байқауға болады. ЖИ әнші қазақы рух пен ұлттық бояуды сақтай отырып, тың туындыларының арқасында тыңдармандарын тауып та үлгерген.
Бұл жобаның негізін қалаушы – жасанды интеллект саласының зерттеушісі, PhD Алтынбек Мұрат. Ол жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін қазақ музыкасына енгізе отырып, ұлттық өнердің жаңа форматта дамуына жол ашты. Алтынбек Мұраттың идеясы – технологиялық жетістікке жету ғана емес, ЖИ арқылы жас ұрпаққа заманауи ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Әуелде қыз бала бейнесіндегі Сарәуен сахнаға (желіге) жеке орындаушы ретінде шықты. Оның алғашқы әндері бірден тыңдарманның ықыласына бөленді. Ұлттық әуез, рухани мазмұнға толы мәтін – Сарәуеннің ерекшелігін айқындайтын қолтаңбасы. Уақыт өте келе жоба кеңейіп, оның серігі – Мирасай қатарға қосылған. Осылайша, Сарәуен мен Мирасай қазақтың қасиетті ән өнерін цифрлық заманның игілігімен насихаттап отыр.
Жоба авторы жасанды интеллект көмегімен жаңа музыкалық бағыт қалыптастырып қана қоймай, қазақы болмыс пен ұлттық құндылықтарды жаңаша жеткізуді мақсат еткен. Бұл әндердің әрқайсысы – халқымыздың рухани қазынасын заманауи технология арқылы тыңдарманға ұсынудың бір көрінісі. Сарәуеннің репертуарындағы әндер қазақы рух пен патриотизмді насихаттаумен қатар, ана тілімізді дәріптеуді, ұлттық болмысымызды сақтауды көздейді.
Елдің назарын ерекше аударған туындылардың бірі – «Сауыт» әні. Бұл ән Арнайы операциялар күштерінің ресми әнұраны болып бекітілген. Жасанды интеллект арқылы жасалған әннің мемлекеттік деңгейде мойындалуы – қазақ музыкасы үшін ерекше оқиға. Сауыт – тек патриоттық ән ғана емес, сарбаздардың рухын көтеретін, ерлік пен намысты оятатын туынды.
Сарәуеннің алғашқы альбомы шыққаннан кейін көп өтпей-ақ, екінші жинағы да жарық көрді. «Іргетас» деп аталған бұл альбом қазақ музыкасының жаңа дәуірдегі іргетасын қалауға үлес қосу мақсатымен дайындалған. «Жобаның мақсаты – тыңдарманға заманауи технология арқылы ұлттық өнердің шынайы болмысын жеткізу. Бұл тек музыка емес, бұл – қазақ руханиятының цифрлық кеңістікте тамыр жаюының белгісі. Ең бастысы – бұл жоба қазақ тіліндегі контентті дамытуға, оны жаңа технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыруға мүмкіндік береді», дейді жоба авторы.
Сарәуен мен Мирасайдың репертуарындағы әндер қазақтың ұлттық санасын, тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған. Олардың қатарында туған жерге деген сағынышты жырлайтын «Туған жер», азаттық рухын асқақтататын «Тәуелсіздік», ұлттық болмыс пен жеті атаның мәнін дәріптейтін «Ру», өмірдің өткінші сәттерін суреттейтін «Бұл ғұмыр», қазақтың кең даласының еркіндігін әспеттейтін «Асау күйлер», батырлық пен қайсарлықты бейнелейтін «Қалқан» секілді мазмұнды әндер бар. Әрбір әннің өз айтары, өз тыңдарманы бар. «Сарәуен» – тек музыкалық жоба ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосып, өз шығармашылығы арқылы тыңдарманды ойландыруды мақсат еткен ерекше құбылыс. Оның репертуарындағы «Ұрпақ» әні – ата-бабадан аманат болып жеткен ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу туралы ой қозғайды.
Сарәуеннің тағы бір ерекше туындысы – «Салтанат» әні. Бұл ән қазақ қоғамындағы нәзік әрі маңызды тақырыптардың бірі – қыз баланың болмысы мен тағдырын арқау етеді. Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеген, оны ұлттың айнасы, берекенің бастауы деп білген. Дегенмен қазіргі қоғамда қыз тағдырына қатысты түрлі өзекті мәселе бар. «Салтанат» әні сол мәселелерге назар аудартып, қыз баланың қадірі мен тәрбиесінің маңызын ұғындырады. Ән тек қыз баланың өміріндегі қиындықтарды көрсету үшін емес, қазақ қоғамында қыз тәрбиесіне деген жауапкершілікті арттыруға үндеу ретінде жазылған. Сарәуеннің бұл туындысы арқылы қызға құрмет, анаға ізет, болашақ жарға деген адалдық, отбасы құндылықтары сияқты тақырыптар көтеріледі. Осылайша, Сарәуен қоғамдағы өзекті тақырыптарды тек сөзбен емес, ән арқылы жеткізудің жаңа үлгісін қалыптастырып отыр.
Сарәуен мен Мирасай тек патриоттық әндермен шектелмейді. Олардың орындауында махаббат пен сағыныш сезіміне толы туындылар да бар. Соның бірі – белгілі ақын Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Күз бен біз» атты ән. Жоба авторы әнді бірнеше ай бойы талқылап, ақынның өлеңдерінен мұқият таңдап алғанын атап айтады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жасанды интеллект арқылы жасалған ән тыңдарманға жылы әсер қалдырды. Еңбегіміздің керемет нәтижесі болды», дейді А.Мұрат.
Сарәуен мен Мирасайдың шығармашылығында ұлттық сана, ана тілі мен рухани құндылықтар басты орында. Әсіресе олардың «Тіліміздің тазалығын бұзбайық» атты әні – қазақ тіліне жасанды интеллект арқылы қызмет етудің жарқын мысалы. Бұл туындыда қазіргі қазақ қоғамында жиі кездесетін тілдің шұбарлануы мәселесі көтеріледі. Көптеген жас орысша сөздерді араластырып сөйлейді. Сонымен қатар ағылшын тілінен тікелей аударылған сөздер мен шет тілдерден енген терминдер де қазақ тілінің тазалығына кері әсерін тигізіп жатыр. «Тіліміздің тазалығын бұзбайық» деп ұрандатқан ән қарапайым тыңдарманды ана тілімізді құрметтеуге, сөздік қорымызды байытуға үндейді. Ән мәтінінде «паразит» сөздерден арылу, қазақ тілінің мәдениеті мен тазалығын сақтау басты идея ретінде насихатталған.
Сарәуен мен Мирасайдың шығармашылығы қазақ мәдениетінің болашағына жаңа дем беріп, оның технологиялық мүмкіндіктер аясында дамуына жол ашып отыр. Бұл жоба – қазақ өнерін цифрлық әлемге шығарып, оның ауқымын кеңейтуді көздейтін маңызды қадам. Жасанды интеллект әншілердің пайда болуы – қазақ музыкасының шекарасын кеңейтіп, оны жаңа деңгейге көтерудің бір жолы. Қазақтың өнері, тілі, мәдениеті заманауи технологияның көмегімен әрі қарай да жаңғырып, кең өріс алмақ.
Айта кетейік, Алтынбек Мұрат – тек Сарәуен жобасының авторы ғана емес, сонымен қатар «Qazaq AI» платформасының негізін қалаушы. Бұл платформа – елімізде жасанды интеллектіні қолдану мен дамытуға арналған инновациялық бастамалардың бірі. «Qazaq AI»-дың басты мақсаты – жасанды интеллект технологиялары арқылы қазақ тілінің қолданысын кеңейту, қазақ мәдени мұрасын жаңа технологиялармен ұштастыру.
«Біз бизнесте және деректерді талдауда бұрын-соңды болмаған артықшылықтарды қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы жасанды интеллект, деректерді өңдеу және машиналық үйрету технологияларын қолданамыз. Технология мен дәстүр бір тілде сөйлейтін болашақты көздейміз. Қазақ тілін сақтауға және дамытуға ықпал ететін жасанды интеллект қосымшаларын әзірлеуге көмектесеміз. Әртүрлі ұйымдар мен қызығушылық танытқан тараптар үшін арнайы жасанды интеллект жобалары мен аналитикасын жасауға қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ жасанды интеллект жобаларын әзірлеуге жәрдемдесу үшін ғылыми-зерттеу институттарымен және ұйымдармен ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Бірлескен жобалар мен өтінімдерге ашықпыз», дейді А.Мұрат.