Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысына барып, өңірдегі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты. «Tasqyn» жүйесінің болжамды деректерін талдап, өзендер мен сай-саладағы су деңгейін нақты уақыт режімінде бақылап отырған ахуалдық орталықтың жұмысын көрді. Сондай-ақ шұғыл отырыс өткізді.
Әуелі Қобда ауданына барып, одан кейін Ойыл, Темір, Байғанин, Мұғалжар және Алға аудандарының аумағын әуеден шолып шықты. Елді мекендерді су тасқынынан қорғауды қамтамасыз ететін негізгі нысандарды тексерді. Қобда ауданында қорғаныс бөгеттерін, Ойыл ауданында Ойыл ауылындағы өзен арқылы өтетін көпірді және Қаратал ауылындағы қорғаныс бөгетін тексерді. Темір ауданында «Бабатай» қысымсыз су бұру бөгетіне аэровизуалды тексеру жүргізді. Байғанин ауданы бойынша Еңбекші және Шұбаршы ауылдарында қорғаныс бөгеттерінің құрылысын, сондай-ақ Шұбарқұдық ауылында еріген қар суын бұру арналарының құрылысын қарап шықты.
Жем өзенінің бойындағы қорғаныс құрылыстарының жағдайына ерекше назар аударылды. Байғанин ауданында вице-премьер өзен сағасын аралап көрді. Жаңатаң ауылында 1,2 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті нығайтылып, арналар кеңейтілді, мұз кептелісі аршылды. Мұғалжар ауданында «Tasqyn» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес қауіпті аймақтағы елді мекендердің жағдайы тексерілді. Жем өзенінің бойында Жағабұлақ ауылынан 3,3 шақырым және оңтүстік-батысқа қарай 1 шақырымдық қорғаныс бөгеттері салынды. Сағашилі ауылында 2 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынды, ауылішілік және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарындағы арықтар мен суағар құбырлары толығымен тазартылды.
Облыс аумағын бағамдау барысында вице-премьер Ақтөбе қаласының батыс бөлігін су тасқынынан қорғайтын Сазды суқоймасының салаларын қарап шықты. Қарғалы және Ақтөбе суқоймаларының жайын әуеден бақылап көрді. Бірінші нысан қайта жаңартуға әзірлік үстінде, ал екіншісі толығымен жөндеуден өткен.
Облыста су тасқынының қаупі жоғары 58 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ 206 су шаруашылығы құрылымы – қатаң бақылауда. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, жағалауларды нығайту, өзен арналарын тереңдету және тазарту жұмыстары жүргізілді (45 шақырым). 38,7 шақырым жаңа қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, қолданыстағы 32 шақырым бөгеттер жөнделді, 19 гидротехникалық құрылыстар салынды, 155 су өткізу құрылымдары мен құбырлар орнатылды және жөнделді, 150 шақырымнан астам арықтар мен су ағарлар тазартылды.
Өңірдің азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режіміне ауыстырылды. Оның құрамында 3 625 адам, 1 122 бірлік техника, 103 бірлік жүзу құралы бар. Өңірде Алматы және Қызылорда облыстарының күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр. Ойыл өзенінің паромдық өткелін қамтамасыз ету үшін Қорғаныс министрлігінің инженерлік-саперлік бригадасының қызметкерлері аймаққа жетті.
Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендерді, инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығы алқаптарын су басу қаупін азайту мақсатында Қанат Бозымбаев өңір әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді, өзендердегі су деңгейін бақылауды, су қоймаларынан су жіберуді реттеуді ерекше қадалағауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы – су басу қаупі жоғары аумақтар тізімінде. Жыл сайын наурыз айының соңында еріген қар суларынан ауылдарға қауіп төнеді. Бүгінгі таңда жағдай – бақылауда. Ахуал тұрақты. «Tasqyn» ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы ұдайы мониторинг жүргізіліп жатыр.