What are you looking for?

Наурыз мейрамында 450-ден астам турист саяхатқа шықты

21.03.2025

Наурыз мейрамында 450-ден астам жолаушы «Jibek Joly» және «Keruen Express» туристік пойыздарымен саяхатқа шықты. Ұлттық тасымалдаушы іске қосқан бұл бағыттар Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи орындарын аралап, Наурыз мерекесінің ерекше көктемгі атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Jibek Joly» туристік пойызы Алматыдан жолға шығып, «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы» бағыты бойынша қозғалады. Сапар ұзақтығы – 6 күн, 2025 жылғы 20-25 наурыз аралығында өтеді. «Keruen Express» пойызы да Алматыдан шығып, «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Алматы» бағытымен жүреді, бұл сапар 5 күнге созылады – 2025 жылғы 21-25 наурыз аралығында.

Туристік пойыздар заманауи әрі жайлы отандық өндірістегі вагондардан жасақталған. Интерьері ұлттық нақыштағы дәстүрлі ою-өрнек элементтерімен безендірілген. «Keruen Express» құрамында 5 вагон бар (4 купелік және 1 мейрамхана-вагон), ал «Jibek Joly» пойызы 10 вагоннан (9 купелік және 1 мейрамхана-вагон) тұрады.

Пойыз маршруттары Қазақстан мен Өзбекстанның ең ірі мәдени және тарихи орталықтарын қамтиды. Түркістанда жолаушылар ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне және Ұлы Жібек жолының атмосферасын бейнелейтін тарихи Керуен сарайына бара алады. Ташкентте туристер Хазрати Имам кешенін, Барақ хан медресесін, Абу Бакр Каффали Шаши мен Төле би кесенелерін аралап, «Magic City» ойын-сауық орталығында уақыт өткізе алады.

Самарқанд сапардың маңызды бөлігі болып табылады. Мұнда жолаушылар Шахи-Зинда кесенелер кешенін, Гур-Эмир кесенесін, сондай-ақ Регистан алаңын тамашалайды. Бұл алаңда әйгілі Шер-Дор, Тилля-Кари және Ұлықбек медреселері орналасқан. «Jibek Joly» пойызының соңғы аялдамасы – Тараз қаласы, Қазақстанның ең көне қалаларының бірі, тарихи және сәулет ескерткіштерімен танымал мекен.

Туристік пакет пойызбен жүруді, кәсіби гидтердің жетекшілігімен өтетін экскурсияларды, кіру билеттерін және трансферлерді қамтиды.

Social Link

Follow Me On Social Media