What are you looking for?

Ерекше күнтізбе

22.03.2025

Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында Ақтөбеде ерекше күнтізбе жарыққа шықты. Оның шебер көркемделген бастапқы бет-мұқабасына « Ақтөбе . 2025 жыл. Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жазылған. Күнтізбе әдеттегідей қаңтар айынан емес, Шығыстың жыл басы саналатын 22 наурыздан басталады. Яғни биылғы наурыздан келесі жылғы наурызға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.

Алғашқы парақ «Жыл басы. 22 наурыз. Сенбі» деген жазумен ашылады. Әсем безендірілген парақтың орта тұсы парақшаны қолданушының өз жоспарларын, ойларын жазып отыруы мақсатында дәптердің жолақ жолдары сынды бос қалдырылған.

Ал қазақы өрнек салынып, көк туымыздың түсімен боялған көрнекі тұстан «Жыл басы Ұлыс­тың ұлы күні Наурыз — біздің дәстүріміздің қайталанбас белгісі. Бұл мейрам халқымыздың мәде­ниеті мен тарихын, сол сияқ­ты біздің бірлігіміз бен ынты­ма­ғымызды айқындайды. Қ.Тоқаев» деген қанатты сөзді оқи­мыз.

Күнпарақтың бірінші ерек­шелігі — наурыздан-наурызға дейінгі уақытты қамтыса, екінші ерекшелігі — осылай әр парақ са­йын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр кезеңде, әр тұста айтқан, бағдарымызға айналған ұстанымының бері­луі. Парасатты пайымдаулар па­рақтан-парақ­қа жай жалғас­пайды, еліміздің мерей­лі, дата­лы күндермен, бел­гі­лі қай­рат­керлеріміздің, ақын-жа­зушы­ларымыздың, бас­қа да ар­дақтыларымыздың ме­рей­тойлық туған күндерімен маз­мұндас келіп, қадыр-қасиетін аша түседі.

Мәселен, биылғы 24 наурызда белгілі ғалым Ебіней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толады. Айтулы ғалымның мерейтойын еске сал­ған парақта Президентіміздің «Біз ғылымды дамытпасақ, ешқа­шан озық мемлекет бола алмаймыз. Ғалымдарымыздың еңбегі — біздің болашағымыздың іргетасы» деген тұжырымы берілген.

Әрі қарай жалғастырсақ, 25 наурызда әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген рөлінде ойнап, халқымыздың мақтанышына айналған даңқты актёр Құман Тастанбековтің туғанына 80 жыл толады екен. Мемлекет басшы­сының осы беттегі «Мәдениет дегеніміз — ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр» деген тұжырымы сахна саңлағының ұлт мәдениетіне қосқан үлесімен үндесіп тұр.

Наурыздың соңғы екі күні Президенттің «Көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды» және «Біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек» деген ақиқатты алға тартқан тұжырымымен аяқталады.

Алдағы сәуір айының бірін­де арқалы композитор, қазақтың біртуар ұлы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Осы беттен Мемлекет басшысының «Нұрғиса Тілендиев — қазақ музы­касының үлкен шебері, оның шығармалары ұлттық мәдение­тіміздің алтын қорына қосыла­ды. Оның музыкасы халықтың жүрегіне терең жол тапты» деген жоғары бағасын оқимыз.

Мамыр айы — Отан қорғау, Жеңіс мерекесімен байланысты. Мұны Президент «Отанға қызмет ету — әрбір азаматтың парызы» деп асқақ лебізбен білдіреді.

Күнпарақтың тағы бір бетіндегі «Біз көшке ілесетін емес, көшті бас­тайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген Мемлекет басшысының пайымдамасы әр адамға ой салса керек.

Қыркүйек айының соңғы күндеріндегі парақтан «Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсе­нің қадірін біледі. Үнемшілдік олар­дың өмір салтына айналған» деген жолдарды оқуға болады.

Шығу тарихы грек еліне барып тірелетін күнтізбенің бастапқы міндеті, атқаратын қызметі — тәуліктің әр күнін есте ұстау, тиімді пайдалану болса, бүгінгі сан алуан, түрліше кескіндегі шығып жатқан күнпарақтар да негізінен осы мақсатты көздейді.

Ақтөбеде жарыққа шыққан күнтізбе аудармалы, жұмыс үстелі үстінде пайдалануға арнал­ған. Биылғы жылдың 22 наурызынан келесі жылдың наурызына жалғасатын 365 күнді қамтитын күнпараққа ел Президентінің осыншама қанатты сөзі берілген.

Бұл күнпарақ қай-қайсымызға да, былайынша айтқанда, жалпы жұртшылыққа, сондай-ақ елмен етене қызмет атқарып отырған мемлекеттік қызметшілерге де пайдалы әрі ыңғайлы. Жалпы, қоғамымыздың әр мүшесіне көмегі тиетін жақсы көрнекі құрал десек, артық емес.

Күнтізбені облыс әкімі Асхат Шахаровтың идеясымен, тікелей ұйымдастыруымен құрылған шы­ғар­машылық топ жүзеге асырды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Ақтөбе

Social Link

Follow Me On Social Media