Face ID технологиясына қажетті веб-камераларды әрбір медициналық ұйым өз қаржысына сатып алады.
Енді қазақстандықтар дәрігердің қабылдауына цифрлық сәйкестендіру арқылы кіреді. Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының мәлімдеуінше, осының нәтижесінде медицина мекемелері МӘМС есебіне өтірік мәлімет бере алмайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Бізге МӘМС есебінен емделетін азаматтардан көп шағым түсті. Олар медицина ұйымдарынан өздері алмаған қызмет туралы хабарлама келгенін айтады. 2023 жылы 818 млн теңгеге 46 мың жалған қызмет көрсету фактісі тіркелген. Бұл тек белсенді азаматтардың шағымына негізделген статистика екенін ескерсек, жалған қызметтердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, – дейді Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті басшысының орынбасары Айдар Қасенов.
Ал былтыр ақ халаттылар 43 328 рет науқастарға қызмет көрсеттік деп жалған ақпарат берген. Бұл жағдай депутаттардың да қатаң сынына ұшырады. Дәл осындай оқиғалардың алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық сәйкестендірудің екі түрлі механизмін ұсынып отыр.
– Цифрлық сәйкестендіру екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Біріншісі "Цифрлық құжат" электрондық үкіметтің" сервисінен ұсынылатын 6 сандық код бойынша және Face ID технологиясын пайдалана отырып пациентті сәйкестендіру. Бұл механизмдер іске қосылса, құжаттарыңызды өзіңізбен алып жүрудің қажеті болмайды. Сондай-ақ, жеке басыңызды куәландыратын құжат арқылы сәйкестендіруден өтуге құқығыңыз бар. Жүйенің тексерісі 100 пайыз сенімді деп айта аламыз, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі.
Дәрігерге қаралу үшін "Цифрлық құжат" сервисінің қызметін пайдалану қажет:
1-қадам: Egov mobile, немесе өзге де цифрлық құжатыңыз сақталған қосымшаны ашасыз.
2-қадам: "Цифрлық құжаттар" бөлімін таңдап, "Рұқсат беруді ашу" батырмасын басасыз.
3-қадам. Дәрігерге 6 таңбалы кодты айтасыз.
4-қадам. Дәрігер кодты жүйеге енгізіп, қабылдауға келгеніңізді растайды.
Ал смартфоныңыз болмаса, өзіңіздің жеке басыңызды Face ID технологиясы арқылы куәландыра аласыз:
1-қадам: дәрігер веб-камера арқылы бетіңізді суретке түсіреді;
2-қадам: жүйе фотосуретті дерекқормен салыстырады;
3-қадам: деректер сәйкес келсе, дәрігердің қабылдауында болғаныңыз расталады.
– Цифрлық сәйкестендіру былтыр қазан айынан бастап пилоттық жоба ретінде қолданылып жатыр. Механизм алғаш рет республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығына енгізілді. Жыл соңына дейін Астанадағы медицина мекемелері түгелдей дәл осы жүйемен жұмыс істеуді бастады. Биыл Қазақстандағы барлық емханаға цифрлық сәйкестендіру қызметін енгізуді жоспарлап отырмыз. Денсаулық сақтау саласын бұл бағытта цифрландыру үшін бюджеттен ешқандай ақша бөлінбейді, – дейді Айдар Қасенов.