What are you looking for?

Оқушы тәрбиесінде мектеп пен отбасының бірлігі қажет

06.03.2025

«Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек » деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, оқушылардың озық біліммен қатар өнегелі тәрбие алуы аса маңызды.

Ал ұрпақ тәрбиесінің басында ата-ана, ұстаз тұрары хақ. Мақсат мүддесі ортақ екі тараптың ынтымақтастығы бала тәрбиесін бір бағыт, бір мазмұнда тәрбиелеуге, отбасылық қарым-қатынастың нығаюына өз септігін тигізбек. Осы орайда Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі тәрбие жұмысы бойынша тәжірибе тарату мақсатында «Отбасы мен мектеп ынтымақтастығы – оқушы табысының маңызды шарты» атты ата-аналар бастамаларының Панорамасы мен Көшбасшылар форумын ұйымдастырды.

Қос іс-шараға 150-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында тірек мектептері мен ЮНЕСКО құрамындағы мектептің көшбасшы оқушылары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ұстаздары, NIS Семей мектебінің ата-аналары бар.

Ашылу салтанатында мектеп директоры Наркен Буркенов, Абай облысы бойынша ЮНЕСКО клубтарының өңірлік үйлестірушісі Күлғазы Ргелова, ата-аналар комитетінің төрайымы Асем Жарылғасина сөз сөйлеп, отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың оқушы дамуындағы рөлін атап өтті.

Ата-аналар бастамаларының панорамасы жасөспірімдер мен ересектер арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, балалардың тұлғалық дамуына қолдау көрсету мен қазіргі заманғы үрдістердің оқушыларға әсері жайлы маңызды мәселелерге бағытталған 3 секция бойынша жұмыс істеді.

- Біз тірек мектебі ретінде бірнеше жыл қатарынан Семейдегі Зияткерлік мектеппен бірлесе жұмыс жасап, тағлымдамалар арқылы біліктілігімізді арттырып келеміз. Бүгін, міне, осы мектептегі ата-аналар қауымдастығының ерекшеліктеріне, жаңа бастамаларына куәгер болдық. Панорама арқылы қос тараптың өзара іс-қимылын, жасөспірім шақтағы балаларға қолдаудың маңыздылығын, жаңа тенденциялардың оқушыларға әсері жайлы пікір алмасып, келешекте мектебімізде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру бойынша мол тәжірибе жинадық, — деп атап өтті Қожагелді батыр атындағы орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амангүл Сұлтанбекова.

Мектеп Президенттері мен орынбасарлары бас қосқан көшбасшылар форумында тайм-менеджмент, виртуалдық көшбасшылық, коммуникациялық дағдылар және топтық жұмыс сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.

Social Link

Follow Me On Social Media