Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданынан тағы да белгісіз дрон табылды. Соңғы уақытта бұл БҚО аумағында табылған үшінші дрон.
Аймақта тағы бір белгісіз дронның құлағаны туралы ақпарат 24 наурыз күні кешке пайда болды. 25 наурыз күні таңертең БҚО полициясы ұшқышсыз ұшақтың табылуына байланысты тексеру жүргізіп жатқанын растады.
«Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп Жәнібек ауданында пилотсыз ұшу аппаратының фрагменттеріне ұқсас заттарды табу фактісі бойынша тексеру іс-шараларын жүргізуде. Нысан елді мекендерден алыс, шалғай жерде табылды», – деді БҚО полиция департаменті.
Апатқа ұшыраған дронның кімге тиесілі болуы мүмкін екені әлі белгісіз.
фото: pixabay.com