Министр киностудияны Астанаға көшіру туралы қауесет те шындыққа жанаспайтынын айтты.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильм" киностудиясына қатысты қауесеттердің таралуына орай, мәлімдеме жасады.
Министрдің Facebook желісіндегі жазбасынан белгілі болғандай, "Қазақфильмге" тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді: "Жер сатылмаған және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда".
Сондай-ақ, киностудияны Астанаға көшіру туралы ақпарат та – ешқандай негізі жоқ қауесет. Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта елордаға "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – "Қазақанимация" өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.
"Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде", – деді Аида Балаева.
Оқи отырыңыз: Кино түсіруге бөлінген қаржының 30 пайызын тікелей "Қазақфильм" алады