What are you looking for?

Аралды емес, көрші елдің көлін толтырумен айналысып отырмыз – Депутат

26.03.2025

Бүгін халық қалаулысы Мұрат Ергешбаев Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

Онда депутат Арал теңізінің тартылуына алаңдатушылық танытып, туындап жатқан кедергілерге де тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутатының сөзінше, Солтүстік Аралды өз кемеріне келтіру үшін 5 млрд текше метр су керек.

– Арал теңізінің тартылуы баршамызды алаңдатады. Теңізді жобалық көлеміне жеткізу үшін бір реттік 5 млрд текше метр су қажет. Сондай-ақ, оны қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін жыл сайын 2,5-3 млрд текше метр көлемінде су құю керек. Біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндет – Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу арқылы Арал дағдарысының қоршаған орта мен теңіз маңында тұратын адамдардың өміріне тигізетін зиянды әсерін азайту. Жыл сайын әсіресе вегетация кезеңінде Сырдария өзенімен төменге жіберілетін судың азайтылуы Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы мен халқының тыныс-тіршілігіне қиын тиіп жатыр, – деді депутат.

Мұрат Ергешбаев "мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Арал теңізін толтыру мәселесіне басымдық беру қажет" деп есептейді.

– Жіберілетін судың азайтылуынан Солтүстік Арал теңізінің тартылуы күрделі мәселеге айналды. Судың аз келуі салдарынан соңғы төрт жыл қатарынан тұрақты суаруға бекітілген шек қайта қаралып келеді. Нәтижесінде, күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүр болдық. Мысалы, өткен жылы сулы жыл болғанымен, күріштің егіс көлемі 3,8 мың гектарға қысқартылды. Күріш егілмей қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардан жоғары өнім алу мүмкін емес. Аймақтың бұл ерекшелігін де ескеруіміз қажет. 90-жылдары шаруашылықтардың қаржылық жағдайы төмен болуынан күріш егісі 64 мың гектарға егілген кезде, ауыспалы егістіктің 46 мың гектары тұздану салдарынан айналымнан шығып қалды. Сол себептен, күріш өсіру экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік береді. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзені мен Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты, – деді ол.

Халық қалаулысы осы мәселелерді айта келе "Арнасайға су жіберуді дереу тоқтатып, Шардарадан төмен тасталатын судың көлемін 650 текше метр жеткізуді қолдауыңызды сұраймын" деген ұсынысын айтты. Яғни, еліміз Солтүстік Арал теңізінің тартылуының күрделі мәселесі бола тұра, Арнасайға 50 текше метр су жіберіп, көрші елдің көлін толтыруымен айналысып отырғанға ұқсайды.

Social Link

Follow Me On Social Media