ҚР ІІМ Ұлттық ұланы көктемгі су тасқынының салдарын жою және алдын алу жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысуда.
Петропавл қаласында "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің 60-қа жуық әскери қызметшісі наурыз айының басынан бастап Тепличное ауылына жұмылдырылып, елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін белсенді жұмыс жүргізуде.
Әскери қызметшілер 7 мыңнан астам құм салынған қаптарды дайындап, су тасқынының алдын алу мақсатында жасанды қоршаулар тұрғызды.
Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің 100-ге жуық әскери қызметшісі Арқалық, Торғай аудандарында және Ақкөл ауылында су тасқынынан қорғануға көмек көрсетуде.
Олар қазірдің өзінде 10 мыңнан астам инертті материалдармен толтырылған қаптарды пайдаланып, судан қорғайтын тосқауылдар тұрғызды.
Қызылқоға ауданының Миялы ауылында 5546 әскери бөлімінің 60 әскери қызметшісі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы жағалауды нығайту жұмыстарын үздіксіз жүргізуде.
Негізгі мақсат — өзеннің арнасынан тасуын болдырмау және су басу қаупін барынша азайту. Әскери қызметшілер мен ТЖМ қызметкерлері аудан шетіндегі көпір бөгеттерін нығайту жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыруда.