What are you looking for?

Білім ордасының меншігі қашан қайтарылады?

07.03.2025

Елімізде әлдекімдердің иелігіне дүдәмал күйде өтіп кеткен мемлекет меншігін қайтару ісі жалғасып жатыр. Талапайға түскен нысандардың айналасында даулы мәселелер аз емес. Алматыда өткен «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды.

Ғасырға жуық тарихы бар іргелі білім ордасының актив­теріне қатысты шикілік­тің шеті шыққалы талай уақыт өтті. Жауапты тұлғалардың заң­­ға томпақ әрекеті әшкереленуі керектігін кеңес мүшелері бұған дейін де көтерген еді. Кезекті отырысқа бастамашы топтан бөлек мемлекет­тік орган өкілдері, жоғары оқу орнының ғалымдары, қоғам белсенділері мен қала тұр­ғындары қатысты.

«Amanat» партиясы жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі рес­пуб­ликалық кеңес төрағасы Ерлан Саиров әділдікті қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысы бар азаматтарды жауапқа тарту қажет екенін тағы бір еске салды. «2000 жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының мен­шігі талан-таражға түсті. Атап айтқанда, университеттің 3 жатақ­ха­насы, 5 лабораториялық ірі нысаны, 6 гектар жері белгісіз бір себептермен жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық әрекеті тұрғаны анық. Бүгінде «Amanat» партиясының атсалысуымен Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер екінші, үшінші, төртінші қолға өтіп кетті. Соған қарамастан, әділдік қалпына келуі керек. Балаларымыздың аузынан жырып алынған барлық ырыздықты қайтаруымыз қажет. Бұған жол берген азаматтар құ­қық­тық жауапкершілікке тарты­луға тиіс», дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Өз кезегінде Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің Сотқа дейінгі тергеу қыз­меті басшысының орынбасары Қуандық Рашит университет нысандарын жеке қолға беруге қатысты заң бұзушылық фактілеріне тоқталып, агенттік былтырдан бері осы оқу ордасы­ның мүліктерін жеке тұлғаларға сату деректері бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар жасалды. Құзыретті органдардың мамандарымен бірге аталған меншіктер жеке тұлғаларға қандай жолмен бері­ліп, нендей заң бұзушылық жасал­ғаны тексерілді. Осы факті­лер бойынша тергеу амалдары қол­ға алынды. Бұдан басқа да ны­сан­дарға қатысты тергеу жүр­гізіліп жатыр», дейді Қуандық Рашит.

Оқу ордасына қатысты орын ал­ған олқылық университет ұжы­мын да алаңдатып отыр. Олар талан-таражға түскен телімдер мен ғимараттар білім ордасының меншігіне қайтарылса деген тілектерін жеткізді. Бұл ретте, университет тергеу амалдарын жүргізуге жан-жақты атсалысып жатқан көрінеді.

«Елімізде 120-ға жуық жоғары оқу орны бар. Соның ішінде ұлттық дәрежедегі санаулы білім ордасының бірі – 96 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университеті. Ауыл шаруашылығы саласына қа­жет мамандар даярлайтын бір­ден-бір білім ордасы аграрлық саладағы білім мен ғылымның дамуына үлес қосып келеді. Соған қарамастан бір кездері университетте сыбайлас жемқорлық фактілері орын алды. Құзырлы органдар оның анық-қанығын әлі де зерттеп, зерделеп жатыр. Ал тергеу амалдарын жүргізу­ге қажет барлық материал уни­верси­тет тарапынан толық қам­та­ма­сыз етілді. Ең бастысы, Әді­летті Қазақстанда әділетті уни­вер­ситет құруымыз керек», деді Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінің ректоры-басқарма төрағасының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.

Көпшілікті алаңдатып отыр­ған келеңсіздік құзырлы орын­дар­дың назарында. Алматы қаласы­ның басқарма прокуроры Азат Тұрғанбек кейінгі екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы қаласының прокуратурасы 2023 жылы Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес университетте тексеру жүргізген. Нәтижесінде, жоғары оқу орнына тиесілі жылжымайтын мүліктерді заңсыз иеліктен шығару фактілері анықталған.

«Біз бұл фактіні арнайы есепке алу кітапшасына тіркедік. Кейін осы іс бойынша әрі қарай тексеріс жүргізіліп, процестік шешім қабылдау үшін құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жолданды. Бүгінде «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісінше, осы істің бүге-шігесі анықталып, нақты тәртіптік шешім қабыл­данады», дейді прокурор.

Жоғарыда айтылғандай, уни­верситет ұжымы мәселенің оң­тайлы шешім тауып, актив­­тер­дің мемлекет меншігіне қай­та­рылуына мүдделі. Әсіресе бұл ахуал университетте ұзақ жыл­­­дан бері еңбек етіп келе жат­қан ғалымдарды алаңдатады. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Агрономия, селекция, биотехнология» кафе­драсының профессоры Тастанбек Атақұлов бір кездері білім ордасында орын алған заңсыздықтар әшкереленіп, әділет орнаса деген тілегін жеткізді.

«1967 жылы осы білім ордасын алғаш студент болып аттаған едім. Сол уақыттан бері қара шаңырақтан бір елі ажыраған жоқпын. Табан аудармай азды-көпті 58 жыл еңбек етіп келемін. Бүгін айтылып жатқан барлық заңсыз әрекет көз алдымда жасалды. Бәрін білемін. Алайда бізбен ешкім ақылдасқан жоқ. Қолдан келер қайран болмады. Біртіндеп оқу корпусымыздан да, жатақханамыздан да айырыла бастадық. Жеке адамдардың еншісінде кетті. Бір кездері Сәт­баев, Фурманов (қазіргі Назар­баев), Абай, Красина (қазіргі Уәлиханов) көшелері қиылысатын тұстағы шұрайлы жер толық Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне тиесілі еді. Бір емес, екі бірдей дене шынықтыру залымыз болды. Соның бәрі бір­тіндеп жеке адамдардың иелігі­не өткені ашындырады», дейді Тастанбек Атақұлов.

Жиын қорытындысына сәйкес, Кеңес төрағасы Ерлан Саиров білім ордасына тиесілі болған жылжымайтын мүліктерді қайта­ру ісін соңына дейін жеткізу қажеттігін, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.

АЛМАТЫ

Social Link

Follow Me On Social Media