What are you looking for?

Наурыз айы теріскейдің тынышын кетіреді

07.03.2025

2022 жылдың наурызында Петропавл қаласындағы ЖЭО-2 мұржасының ортан белінен майырыла құлағанын көпшілік жақсы біледі. Түбіндегі диаметрі – 12, ұшар басындағы диаметрі 7 метр болған 150 метрлік мұржа 90–95 метр биіктік аралығында опырылып түскен. Жауапты адамдар жазаланып та үлгерді. Энергетиктердің «желден болды» дегені жел сөз болып шығып, үкіметтің арнаулы комиссиясы апаттың негізгі себебі жобалау кезінде және бетондау жұмы­сында жіберілген қателіктен, пайдалану барысында технологиялық талаптар сақталмағандықтан деген қорытынды шығарған.

Былтыр күзде 180 метрлік жаңа мұржаның құрылысы тәмамдалды. Оны пайдалануға беру биылғы күзге белгіленген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын отандық «Қазжылуқұрылыс» ЖШС мен Аустрияның «GrunBau» фирмасы атқарып шықты.

Жуырда облыс әкімдігінің отырысы болып, онда қыстың аяқталып қалғанына байланысты жылу орталығы жұмысының бүгінгі жайы талқыланды. Басшылықтың үш жыл бұрынғыдай тағы да наурызда төтенше оқиға болып қалмасын деген сақтық жасап жатқаны көрініп тұр. Энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Қуандық Шақыбаевтың айтуына қарағанда, ЖЭО-2 қазір қалыпты жағ­дайда. Сегіз қазандық агрегаты мен алты құбыр­лық агрегат жұмыс істеп тұр. Резервте 2 қазандық пен 1 құбырлық агрегат бар. Тағы бір қазандыққа күр­делі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Сөйтіп, Қуандық Шақыбаев облыс басшыларын және халықты тыныштандырып қойды. Сонымен қатар ол өткен жазда былтырғы тасқын бүлдірген 53 километрлік жоғары вольтті электр жүйелері және 737 тірек бағаналарының жөнделгенін айтты. Ал Жамбыл, Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында 7 блокті-модульді қазандықтар орнатылған. Солардың көмегімен аудан орталықтарындағы 20 көпқабатты үйге жылу тұрақты беріліп тұрған. Ал биыл Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл мен Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка ауылдарында орталықтандырылған жылу жүйелері іске қосылмақ. Осындай жұмыстарды Ақжар ауданының орталығы Талшықта да қолға алу жоспарланған.

Өңір аумағы аса үлкен болмағанымен электр энергетикасын көп өндіреді, сәйкесінше көп тұтынады. Бүгінде электр және жылу қуатын өндіретін 24 орталық қазандық жұмыс істесе, бұлардан басқа 466 автономды жұмыс істейтін қазандықтар бар.

Отырыс барысында облыс бойынша энергетик мамандардың жетіспеушілігі де айтылды. Қазір салада 550 бос жұмыс орны бар. Әсіресе инженер энергетиктердің тапшылығы қатты сезіледі дейді облыс әкімі.

Жуырда облысқа бұрын осында облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ғани Нығметов іссапармен келіп, қазір өзі ректоры болып істейтін Алматы энергетика және байланыс университетіне жастарды шақырған еді. Бірнеше оқу орнында түлектермен кездесіп, энергетика университетінің табысы мен жетістігін әңгімелеген. Ол тіпті өз атынан облысқа 50 грант бөлетінін де мәлімдеген. Бұл солтүстіктің энергетик кадрлары мәселесін шешуге сүбелі үлес болары сөзсіз.

Өңір басшысы энергетика саласының жұмысшы мамандарын даярлау жұмысын жандандыру мәселесіне назар аударады.

«Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде электрмонтер, электрслесарь, дәнекерлеуші мамандықтарын даяр­лауды арттыруды тапсырамын», деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Солтүстік Қазақстан облысы

Social Link

Follow Me On Social Media