What are you looking for?

Қазақстанда электр станцияларындағы жабдықтардың тозуы 56% жетеді

27.03.2025

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен энергетиканы дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте саланың негізгі бағыттары, оның ішінде жаңа қуат көздерін іске қосу, инфрақұрылымды жаңғырту, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру, энергия тиімділігін арттыру және басқа да мәселелер қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, "Самұрық-Энерго" АҚ және "KEGOC" АҚ компаниялары басшылығы, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Қазақстанда 227 электр стансасы жұмыс істейді. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға өсті. Жаңа қуат көздерін іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа генерациялайтын қондырғылар салу есебінен болжануда. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өткен жылы 771 МВт жаңа қуат көзі, оның ішінде Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блок қалпына келтірілгенін, Атырау ЖЭО-дағы №6 турбина, Жезқазған қаласындағы ЖЭО-да №8 қазандық ауыстырылғанын, сондай-ақ жалпы қуаты 163 МВт баламалы энергетика жобалары іске қосылғанын айтты. Генерациялайтын қондырғыларды жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және жаңарту бойынша жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келісім жасалды. Биыл 621 МВт, 2026 жылы — 2,6 ГВт іске қосу жоспарланған. Экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін өтеу үшін 2029 жылға дейін 68 жоба жүзеге асырылады. Жалпы, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы стансаларды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ақтөбе, Батыс, Сарыбай жүйеаралық электр желілері KEGOC филиалдарының 220-500 кВ әуе желісін реконструкциялау жобасы аяқталды, оның шеңберінде нормативтік пайдалану мерзіміне жеткен жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын қолданыстағы 24 электр беру желісіне жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарының барысы туралы айтылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздің ірі кәсіпорындарымен экономиканың энергия сыйымдылығын және энергия тұтынуды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Іске асырылған бірқатар жоба аталды. "КарЦемент" кәсіпорнындағы сорғы жабдықтарын жаңғырту электр энергиясының үлестік шығынын 15,4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан электролиз зауыты электролизерлер мен оқшауланған электр қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізіп, электр энергиясын тұтынуды 4,5%-ға азайтты. Ақтөбе мыс компаниясы газ поршенді қондырғылар жұмысын оңтайландыру және отын қоспасын беруді реттеу арқылы электр энергиясының шығынын 2%-ға қысқартты. Сондай-ақ бюджеттік сектордың энергия тұтынуына мониторинг жүргізілуде. Цифрландыру шеңберінде Мемлекеттік энергетикалық тізілім энергия үнемдеу саласындағы Бірыңғай ақпараттық жүйеге трансформациялануда.

Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабілетті ел құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу — оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда орасан зор мүмкіндіктер бар.

Сонымен қатар жоспарланған жобалардың уақтылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірқатар ірі жоба қазірдің өзінде электр қуатын қажет етіп отыр", — деді Олжас Бектенов. Маңызды жобалар қатарында Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында заманауи көмір станцияларын іске қосу, Екібастұз қаласындағы заманауи ГРЭС-3 станциясының құрылысы атап өтілді.

Кеңес соңында бірқатар тапсырма берілді. Биыл KEGOC Батыс аймақтың электр желілерін БЭЖ-бен біріктіру үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауы қажет, жұмыс 2027 жылы аяқталуы тиіс. Аталған жоба тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттырады. Премьер-министр көмір химиясын дамытуға баса назар аударып, жоғары өңделген өнім өндіру үшін көмірді өңдеудің инновациялық технологиясын белсенді пайдалануды тапсырды.

Social Link

Follow Me On Social Media