"Қазгидромет" өкілі Алматыда биыл жаз қандай болатынын айтты. Кей уақытта оңтүстік астанада ауа температурасы + 40 градусқа дейін көтерілуі ықтимал, деп хабарлайды Kazinform.
Болжамдарға сай, биыл жазда күн аса қатты ыстық болмайды.
"Дегенмен кейбір күндері ауа температурасы + 33... + 38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, кейде тіпті + 40 градусқа дейін баруы ықтимал", — дейді "Қазгидромет" РМК-ның баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Сондай-ақ синоптиктер нөсер жауын жаууы мүмкін екенін де болжап отыр.
"Ұзақ уақыт күн ашық әрі жауын-шашынсыз болуы да мүмкін", — деп нақтылады Аружан Мұратова.
Синоптиктердің болжамынша, Алматыда сәуірдегі орташа температура +13,1 градус болады, бұл қалыпты нормадан бір градусқа жоғары. Жауын-шашынның жалпы мөлшері де нормадан асады (112 мм). Сәуір айының басында жаңбыр мен қар жаууы мүмкін. Айдың басында көктайғақ болады деп болжанып отыр, ал желдің жылдамыдығы 15-20 м/с болмақ.