Облыста тұңғыш рет отбасы құндылығын насихаттаған, алтын құрсақты аналардың абыройын асқақтатқан «Алқалы ару» сайысы ұйымдастырылды. Байқауда отбасында да, қоғамда да өз орны бар өңірдегі көпбалалы аналар бақ сынады.
Жарыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырды. Екінші кезең «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деп аталып, отбасыға қатысты қойылған логикалық сұрақтарға жауап берді. «Үздік үрдіс» атты үшінші кезеңде ықылым заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ әйелдерінің киім кию үлгісі көрсетілді. Соңғы кезеңде өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасының шешімімен Жұбан ана атындағы сыйлықты Сәтбаев қаласының тұрғыны, сегіз баланың анасы Айжан Шәріпова, «Даңқты ана» аталымындағы сыйлықты Сәтбаев қаласының жеке кәсіпкері, жеті баланың анасы Әйгерім Тоқтасынова, «Әлпеш ана» аталымын Жезқазған қаласындағы №4 мектептің мұғалімі, сегіз баланың анасы Ақжарқын Тоқышева, «Бидәш ана» аталымын «Қазақмыс» корпорациясы Қарсақбай металлургия зауытының лаборанты, Жезді, Ұлытау аудандық кеңестерінің депутаты болған қайраткер әйел, сегіз баланың анасы, 13 немеренің әжесі Сандуғаш Дүтбаева олжалады.
«Алқалы ару-2025» байқауында ІІІ орын алған «Алтын алқа» иегері, Қаражал қаласындағы Аналар кеңесінің мүшесі, немере сүйген ардақты әже Ақтоты Әділбековаға 150 мың теңге, ІІ орын иегері Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы лицейдің қазақ тіл-әдебиеті пәнінің мұғалімі, жеті баланың анасы Айгүл Әбішеваға 250 мың теңге, І орын жүлдегері «Күміс алқа» иегері, Ұлытау ауданы, Жезді кенті ауруханасының медбикесі Гүлжазира Зейілғазинаға 300 мың теңге ақшалай сыйақы табыс етілді. «Алқалы ару-2025» байқауының бас бәйгесі, 500 000 теңге сыйақы алты баланың анасы, жеке кәсіпкер, кино, театр әртісі Самал Садықоваға бұйырды.
Жарысқа қатысушыларға «Халық банк» АҚ Ұлытау облыстық филиалы техника дүкенінен зат алуға сертификаттар, аталым иегерлеріне «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Ұлытау облыстық филиалының атынан арнайы курстар алу мүмкіндігін беретін жолдамалар табыс етілді.
Ұлытау облысы