Облыс орталығының байырғы тұрғыны Надежда Грошикова қазақтың тілін оқып үйреніп, салт-дәстүрін меңгеріп жатыр.
Қазақ тілінің әуезділігі, жанға жақын жатықтығы көңілін баурап алған Надежда «Аmanat» партиясы облыстық филиалының жанынан «Менің елім – менің тілім» жобасының шеңберінде ұйымдастырылған «Сөйле» клубына барады. Аз уақыттың ішінде тіл сындырып, сөздік қоры байып қалды. Қазір емін-еркін тілдеседі.
– Күрделі көркем шығармаларды жан-жақты талдай алмайтын шығармын, әйтсе де үй ішінде, тұрмысқа қажетті сөздерді меңгердім. Менің түсінгенім, тіл үйрену үшін орта керек екен. Сөздік қорымды байыту үшін жұмыста әріптестеріммен қазақ тілінде сөйлесуге тырысып жүрмін. Олар талпынысымды қуана құптайды. Білмеген жерімді айтып үйретіп отырады, – дейді Надежда Владимировна.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, мемлекеттік тілді меңгеруге ертеден құмар екен, себебін де жасырған жоқ. Осы жерде туып-өсіп, дәм-тұзын татқаннан кейін ел мен жерді құрметтеуі керек. Көкірегіндегі құлшынысқа клуб жұмысы дөп келген. Әуелі «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы «Мәміле» клубына барып тіл сындырған. Кейін «Сөйле» клубының белсенді мүшесіне айналған. Тіл үйрену барысында неше түрлі қызыққа тап келген.
– Жанымдағы өзге ұлт өкілдеріне тіл үйренуге тырысу керектігін үнемі айтып отырамын. Қазақтың салт-дәстүрі де соншалықты көркем әрі мазмұнды. Көгілдір көктеммен бірге адамдардың жандүниесін жылылыққа толтырып, шуақ шаша келетін Наурыз мейрамы қандай! Сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан, өмірдің өз елегінен өткен халықтық әдет-ғұрып жас ұрпақты, жаңа ұрпақты тәрбиелейтін мықты құрал. Егер қазақ тілін жете меңгермесем, әдет-ғұрыптың астарындағы терең ойды түйсіне алмас едім, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуына қарағанда, «Сөйле» клубы келушілердің ыңғайына қарай ұйымдастырылған. Жалғыз ыңғай ғана емес мақсат-мүдде топтастырып отыр. Бұл жерде талап қылған әр адам тілді оңай үйрене алады. Тіл білген адам қашанда құрметке лайықты. Тіл үйренушілер бір-бірімен еркін сұхбат құрып жатса, тіпті жақсы. Осы әдіс – оң жамбасқа келетін дүние. Әуелі күрделі тақырыптарды қамтымай, жеңіл, ұғымға оңай тақырып төңірегінде пікірталас ұйымдастырса, тіпті жақсы. Осындай кезде айтылған сөздер адам жадында жақсы сақталады екен.
– Бірде тақырып әйелдердің дүкен аралауы туралы болды. Кәдімгі күнделікті көрініс. Көкірегіңде бәрі сайрап тұр, тек соны қазақ тілінде жеткізе білуің керек. Осындай еркіндік тіл сындыруға өте ыңғайлы. Біздің арамызда қазақ тілін жете меңгергендер аз емес. Мысалы, Алена Малькова-Солопова жастарға қазақ тілін үйретіп жүр. Ол өзі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетін бітіргеннен кейін филология факультетіне қайтадан құжат тапсырған. Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып шыққан, – дейді Надежда Владимировна.
Тіл туралы тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміздің айтар ұсынысы бар. Оның ойынша, балалар бақшаларындағы тәлім-тәрбие тек мемлекеттік тілде берілуі керек. Ал қандай мектепке баратынын ата-анасы шешеді. Осы қадам барлық баланың кішкентай кезінде тіл үйренуіне түрткі болар еді дейді.
Қазақ тіліне соншалықты құмар болуының себебін соңында естідік. Сөйтсек, нағашы атасы қазақ болып шықты. Павлодар облысының тұрғыны Қайыргелді Әжібеков. Әлдебір себептермен ағайын-туыстан қол үзіп қалған. Ағайынмен бірге тілден де, салт-дәстүрден де. Енді міне, жаны жайсаң жиендерінің арқасында өшкені жанып, жоғалғаны табылып жатыр. Жиеннің жан жадыратар жақсы ісіне біз де қуанып қалдық.
Көкшетау