Бейсенбі, 27 наурызда Оңтүстік Кореяның Кенгидо провинциясында болған жол апатынан Қазақстанның 4 азаматы қаза болған, деп хабарлайды Korea JoongAng Daily басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Оңтүстіккореялық БАҚ-тың мәліметінше, ішінде Қазақстанның 4 азаматы отырған көлік жоғары жылдамдықпен жүруге болатын Сохэан автомагистралінде жол апатына ұшыраған. Салдарынан салонда болған азаматтардың бәрі қаза тапқан.
"Түн ортасында төрт адам мінген Mercedes-Benz көлігі Кенгидо аймағының Хвасон қаласындағы автожолдың оң жақ бетіндегі қоршауға соғылып, көлік құлап, соққыдан кейін өртенген", — делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер жол апатынан кейін жарты сағаттан соң өртті сөндірген. Салоннан төрт адамның денесі табылған. Марқұмдардың аты-жөні әзірге белгісіз.
Қазіргі уақытта полиция жол апатының себебін анықтап жатыр.