87 жастағы қария жасына және есту қабілетіне байланысты мәміленің мәнін түсінбей, қысыммен құжаттарға қол қойғанын алға тартады.
Теміртау қаласының 87 жастағы тұрғыны өгей қызының үстінен пәтерді сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануды талап етіп Жоғарғы сотқа жүгінген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Теміртау қалалық соты талап қоюшының жалғызбасты қарт ретінде есепте тұрғанын, оған әлеуметтік қызметкер бекітілгенін, сондай-ақ есту қабілетінен айырылғанын анықтады.
Сыйға алу шартында пәтер оны сыйға беруші қайтыс болғаннан кейін өгей қызына өтуі көзделген, бұл орайда талап қоюшы онда тұруы және оны күтіп-ұстауға жұмсалған шығындарды өзі төлеуі қарастырылған. Сол күні өгей қыздың пайдасына өсиет жасалған.
Куәлер өгей қызы өгей әкесіне сирек келетінін, ал талап қоюшының өзі пәтерден ешқашан шықпайтынын растаған.
Тағы бір куә талап қоюшының ауруханаға хабарласып, көмек сұрағанын және сыйға тарту актісіне алаңдаушылық білдіргенін айтқан. Алаяқтықтан күдіктеніп, ол сотқа арызданған.
Заң бойынша, егер мәміле қысыммен немесе алдаумен жасалса, мәміле жарамсыз деп танылады. Сонымен қатар, сыйға тартушы қайтыс болғаннан кейін сыйға алушыға мүлікті беруді көздейтін сыйға тарту шарты жарамсыз болып табылады.
Сот талап қоюшының талаптарын қанағаттандырды: даулы пәтерді сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылды.
Соттың шешімі заңды күшіне енді.