Иордания астанасында әйелдер күресінен Азия чемпионатының 2-күні өтіп жатыр. Бүгін бозкілемге шыққан 2 бұрымды балуан жарыс жолын сәтті бастағанмен ширек финалда сүрінді. Бұл туралы ТСМ Спортты дамыту дирекциясы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Олардың қатарында Зейнеп Баянова мен Гауһар Мұқатай бар.
53 келіде ел намысын қорғаған Зейнеп Баянова іріктеуде Ён Парктан (Оңтүстік Корея) 4-2 есебімен басым түсті. Ширек финалда Солтүстік Корея палуанынан жеңіліп қалды.
65 келіде Гаухар Мұқатай алғашқы белдесуінде вьетнамдық Дю Тон Лаидың жауырынын жерге тигізді. Ол ширек финалда әлем чемпионы және бірнеше дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Мива Морикавамен белдесуде жеңісті есепті ұстап тұра алмады. Егер жапониялық спортшы финалға шықса, Гауһар жұбаныш белдесуіне қатысады.
Ал 72 келіде құрама көшбасшысы Жәмилә Бақбергенова ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Кимнен басым түсті.
Өкінішке қарай, 57 келіде Нилуфар Раимова мен Тыныс Дүбек іріктеудің алғашқы белдесуінде жеңілді.