Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің төлем жүйелері мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерін халықаралық ISO 20022 стандарттарына көшіруді жүзеге асырғанын хабарлады.
Бұл өзгерістер Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдары жүргізу қағидаларына да ықпал етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Енді, бюджетке төлемдер төлеу кезінде төлем тапсырмаларына енгізілген жаңа өзгерістер бойынша, "нақты төлеуші" және "ақша жөнелтуші" бағандары көрсетіледі. Қағидалар бойынша, заңды тұлғалар өз бөлімшелері үшін төлемдер жасағанда, "нақты төлеуші" бағанында бөлімшенің БСН және сот орындаушылары борышкердің ЖСН көрсетілетін болады. Бұл төлемдер бөлімшенің немесе борышкердің жеке шотына бағытталады.
Бұл өзгерістер Қазақстанның төлем жүйелерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді көздейді, әрі төлемдер жүйесінің нақты әрі тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етеді.