What are you looking for?

Жамбылдағы кесене маңында кәсібін дөңгелетіп жүргендерге қатысты министрлік мәлімдеме жасады

28.03.2025

Мәдениет және ақпарат министрлігі "Айша-Бибі" кесенесі мен "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы маңындағы құрылыстарды заңсыз иемденіп, оларды коммерциялық мақсатта пайдаланған "кәсіпкерлерге" қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта "Айша-Бибі" кесенесі аумағында ғимараттарды заңсыз пайдаланған 2 кәсіпкер кешенді босатты, ал 4 кәсіпкер босату жұмыстарын жүргізуде.

Ведомство жағдай музей-қорық әкімшілігінің жеткіліксіз бақылауынан және уақытылы әрекет етпеуінен туындағанын жасырмады. Бұдан бөлек, егжей-тегжейлі тексерісті қажет ететін мәселелер анықталған көрінеді.

"Осыған байланысты, Мәдениет және ақпарат министрлігі музей-қорықтың қызметін кешенді және егжей-тегжейлі зерттеу үшін сол өңірге жұмыс тобын жібереді. Объектіні басқару, тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне және жұмыстың тиімділігіне баса назар аударылады. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады. Келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты музей-қорықтың қазіргі басшысымен келісімшарт бұзылады",- делінген ақпаратта.

"Тектұрмас" кесенесіне қатысты жағдай бойынша, ол республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш мәртебесіне ие. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жан-жақты тексеру жүргізбек. Кешен аумағын заңсыз пайдалану мүмкіндігіне байланысты барлық мән-жайлар зерттеліп, тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Еске салсақ, 2024 жылдың 5 мамырында музей-қорық кәсіпкерлерді иеленген ғимараттарын босатуға міндеттеу үшін сотқа жүгінді. Талап қабылданып, сот кәсіпкерлерге заңсыз иеленген орын-жайларды босатуды міндеттеді. Дегенмен, шешіммен келіспеген кәсіп иелері апелляциялық тәртіп бойынша шағымданды. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді. Бұған дейін "Қарахан" кесенесі маңында да осындай жағдай орын алған болатын. Онда да кәсіпкерлердің заң бұзғаны тіркеліп, сот талқылауы өтті. Нәтижесінде, сот кесене пайдасына шешім шығарды.

Social Link

Follow Me On Social Media