Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін Түркия елінде қарсы алып, бірнеше іс-шара өткізді. Ыстанбұл қаласында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі қатысқан үлкен концертте «Атамекен» фольклорлық ансамблі бес мемлекеттен келген өнер ұжымдарына жетекшілік етті.
– Біздің ансамбль Наурыз іс-шарасында барлық түркі мемлекетінің ұжымына жетекшілік жасап, өнер көрсетті. Бұл – біздің елдегі ешбір ұжымның тарихында болмаған жетістік, – дейді батысқазақстандық филармония жетекшісі Бауыржан Халиолла.
Оның айтуынша, ансамбль ұжымы мен филармония әншілеріне Режеп Тайип Ердоған ерекше ризашылығын білдіріп, ықылас көрсеткен.
Бауырлас түрік елінде бірнеше күн болған ақжайықтық өнер ұжымы Ыстанбұлдың Конгресс холында «Nevruz – Yeni gün» атты жеке концертін берді.
Осы кеште Бағжылар әкімшілігінің мәжіліс депутаты Куршат Коч, ТҮРКСОЙ өкілі Санжар Мүлазымоғлы, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев ақжарма тілек айтты. Атажұрттан Анадолыға арнайы келген өнер көшінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов, «Атамекен» фольклорлық ансамблі, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасановалар өнер көрсетті.
Концерт соңында ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Бағжылар әкімшілігінің басшысы Ясин Йылдыз атынан облыс әкімі Нариман Төреғалиевке, басқарма басшысы Қуанышбек Мұханғалиевке, филармония директоры Бауыржан Халиоллаға Алғысхат берілді. Өз кезегінде Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Бауыржан Ергенұлы филармония логотипі белгіленген кәдесыйларды мәртебелі қонақтарға тарту етті.
* * *
Біз осы сапар алдында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиоллаға жолығып, өнер ұжымының алдағы жоспарлары туралы білген едік.
– Біздің филармонияның құрылғанына келер жылы 60 жыл толады. 320 адамнан тұратын үлкен ұжымда бірнеше шығармашылық топ табысты еңбек етіп жатқанын былайғы жұрт біле бермеуі де мүмкін. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі кәсіби ортада әбден танылған өнерпаз ұжым. Ал біздің бас ғимаратымыздың атын иеленген «Атамекен» халық биі ансамблі, «Атамекен» ерлер би ансамблі, «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі, «Атамекен» вокалдық-аспаптар ансамблі, «Атамекен» классикалық-камералық ансамблі, «Атамекен» вокалды-камералық ансамблі секілді ұжымдар да түрлі талғамдағы көрерменнің көңілін тауып, сахнаның сәнін келтіріп жүр. Филармонияның меншігінде 3 концерттік залымыз бар. 2024 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғасыр әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай «Мұхиттың мұрагерлері» атты жоба жасаған едік. Осы жоба аясында батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдері мен «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің ән керуені 30-ға жуық адамнан тұратын құраммен Батыс Қазақстан облысының барлық ауданын аралап, Мұхит пен Ғарекеңнің әндерін насихаттады. Бұл ауқымды жобаның қорытынды кештері Алматы мен Астана қаласында жоғары деңгейде өтті, дейді Бауыржан Ергенұлы.
Шынымен де өткен жылы Бауыржан Халиолла филармония тізгінін ұстағалы батысқазақстандық өнер ұжымдары облыс аумағымен шектелмей, өзге өңірлерге де шыға бастаған еді. Мәселен, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі де 80 адамдық құрамымен «Ойна, шырқа, оркестр!» атты бағдарлама құрып, гастрольдік сапармен облыстың он екі ауданын түгел аралап шықты. Одан кейін Алматы, Қызылорда қалаларында концерт берді. «Бұл жобаның басты ерекшелігі – Ғарекеңді көрерменге жаңа қырынан таныттық. Халық даңқты әншінің бұрын еш жерде орындалмаған романс жанрындағы бес бірдей лирикалық әнін тыңдады», дейді Бауыржан.
Бұған дейін «Атамекен» өнер ордасының қарамағында болған эстрадалық-симфониялық оркестр өткен жылдың тамыз айында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің есімін иеленген еді. Осы оқиғаның құрметіне әйгілі дирижердің отбасы мүшелері Алматы қаласынан арнайы шақыртылып, ұлы Нарын Қажығалиевтің қатысуымен «Оркестр үні» атты концерт өтті.
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында БҚО мәдениеті мен өнерін шетелдік қонақтарға таныстыру миссиясы филармонияға жүктеліп, абыройлы атқарылған болатын.
Өткен күзде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы 200 адамдық құраммен Астана қаласына өнер сапарымен барып, «Ақ Жайықтан – ерке Есілге!» атты концерт өткізді. Мұндай гастроль кейінгі 15 жыл ішінде болмаған екен.
Ал «Атамекен» халық биі ансамблі шетелдегі қазақтардың басын қосқан «Vienna Kazakh Quriltay – 2024» қазақ мәдениеті күндері аясында Еуропаның Словакия, Чехия, Аустрия елдеріне өнер сапарымен барды. Ресей Федерациясының Астрахан облысында өткен IV Халықаралық «Каспийские сезоны-2024» классикалық өнер фестивалінде «Қазақстан күні» аясында филармония әртістері А.Жұмалиева, А.Хайырханов, Т.Әбуханов, Н.Айтуғанов концерт берді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимованың репертуарындағы әндерін орындаушылар арасындағы «Ақ Жайықтың ән сандуғашы» атты ІІ республикалық вокалистер байқауы да мәдени өмірдегі айтулы іс-шара болатын. Сондай-ақ әлемге танымал пианист Жәния Әубәкірова, қазақтың мақтаныштары Алтынбек Қоразбаев, Елена Әбдіхалықова, Донеділ Қажымовтардың концерті ұйымдастырылды. Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласында өткен XІІІ халықаралық «Шарк тароналари» («Шығыс әуендері») атты ұлттық музыка фестиваліне еліміз атынан «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі қатысып, 80 мемлекет арасынан жүлделі ІІ орынға ие болды. Одан бөлек, дәстүрлі әнші Фархат Оразов «Сөз сөйледім жасымнан» атты республикалық жыршы-термешілер байқауында жүлделі І орын, филармония әншісі Аружан Бисембай Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурстан ІІ орын, Аслан Ғұмаров «Шабыт» шығармашыл жастардың Халықаралық байқауында «Фольклорлық аспаптар» аталымы бойынша ІІ орынға ие болса, Жансая Мусина «Айтыстың ақтаңгері» атанды.
Әрине, бұл айтылғандардың бәрі көп жылғы тәжірибе, тынымсыз еңбектің арқасында келген табыс екені сөзсіз.
Бауыржан Ергенұлы биыл Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Ш.Қажығалиев атындағы эстрада-симфониялық оркестрінің аспаптары жаңартылатынын, сондай-ақ «Атамекен» халық биі ансамблінің құрылғанына 30 жыл толуына орай бірқатар іс-шара өтетінін айтып отыр. Өте сәтті өткен Түркия сапарынан кейін филармония ұжымы Ресей Федерациясының Орынбор қаласына да гастрольдік сапарды жоспарлап отыр. Одан бөлек, халық ақыны Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған ақынның сөзіне жазылған әндерден концерт өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембинді еске алуға арналған Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі мен классикалық әншілердің «Опералия» атты концерті болатынын газетімізде жазған болатынбыз. Бұдан бөлек, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған, күйші-домбырашы, қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушыларының бірі Науша Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған концерттер де өз көрерменін күтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, әнші-термеші Жақсылық Сәрсенғалиев пен әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашеваны еске алу кеші болмақ.
– Биыл «Атамекен» халық биі ансамблінің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай ансамбль шығармашылық концерт береді, әрі республикалық би фестивалі де алғаш рет өтеді. Одан бөлек, өнер ұжымы Қызылорда қаласына гастрольдік сапар жоспарлап отыр. Ал Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өзінің 25 жылдығына орай Атырау қаласында концерт өткізеді, – дейді филармония жетекшісі.
Осы жылы күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына арналған оркестрлер шеруі республикалық фестивалі, «Абай күні» аясында ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған лекция-концерт өтеді. Әнұран авторлары Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығы мен Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, көрнекті композитор Евгений Брусиловскийдің 120 жылдығы, Әбілахат Есбаевтың 100 жылдығы да ескерусіз қалмай, арнайы концерттермен аталып өтпекші.
Әрине, көп адамнан құралған өнер ұжымы үшін аспаптарын арқалап ел мен жер аралау оңай шаруа емес. Бірақ шынайы өнерпаздың шабытын оятатын мұндай гастрольдер өте қажет-ақ. Бауырлас түрік елінде басталған жылан жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы ұжымы үшін табысты болатын сияқты.
Батыс Қазақстан облысы