What are you looking for?

Жұмысшы кадрға сұраныс күшейді

29.03.2025

2025 жылдың « Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы ел арасында еңбегі еленбей жүр­­ген азаматтардың еңсесін бір көтеріп тас­тады. Экономикалық озық көрсеткіштер мен дамып келе жатқан әлеу­меттік хал-ахуалдың арғы жағында білекті һәм білімді азаматтардың тұрғаны белгілі. Білім демекші, осы орайда жұмысшы мамандарды даярлаумен айналысатын білім орда­ларының да мүмкіндігі мен әлеуеті алдыңғы қатарға шыққаны жөн секілді.

Әрине, біз қозғайтын әңгіме – техникалық және кәсіптік білім беру жа­йында. Білімнің қай-қайсы да бөліп-жарып қарауға келмейтін ортақ игілік. Десе де, кәсіптік білім – айрықша ден қойып, ерекше назарға алу қажет сала екені жыл өткен сайын айқындалып келеді. Қазір оқушылар колледжге түсіп, сол игерген мамандығымен еңбек нарығына қадам басуға құштар. Тиісінше, кол­ледждерде жұмысшы ма­мандарын даярлауға қа­тысты барлық мүмкіндік қарастырылған. Қажетті заманауи жабдықтар орнатылып, оның тілін білік­тілігі жоғары мамандар ұғын­дырады. Өндіріс пен құ­рылыстың, көлік пен ауыл шаруашылығының, энергетика мен қызмет көрсету саласының қыр-сырын же­дел меңгерген жастар на­рыққа аяқ басып жатыр.

Мәселен, қазіргі уақытта дәнекерлеуші, токарь, слесарь, механик, өнеркәсіп­тік жабдықтарды жөндеу шеберлеріне сұраныс жо­ғары. Құрылысшы, электрик, сантехник, бетоншы, әрлеуші де ә дегеннен жұмыс тауып кете алады. Қазір жұмыс беру­шілер агроном, ветеринар, техник-механизатор, электр монтері, автослесарь, теміржолшы, энергетик мамандарға тәуір жалақы ұсынып, тезірек жұмысқа орналастыруға асығады. IT-саласы мен желілік инженерия мамандарының да айы оңынан туып тұр. Қысқасы, еңбек нарығына ауадай қажет мамандардың басым бөлігі колледждерде даярланады деуге толық негіз бар. Бұл мамандық иелерін аттай қалап алдырудың да пәлендей сыры жоқ, бар бол­ғаны бұл мамандар эконо­миканың тұрақты дамуына ықпал етеді.

Жұмысшы мамандық­тары бойынша сапалы білім берудің маңызды факторы – дуалды оқыту жүйесі. Атал­ған жүйе бойынша студенттер теориялық білімді оқу орнында алып, тәжіри­бені кәсіп­орындарда өтеді. Осындай тәсіл олардың кәсіби дағдысын шыңдап, жұмысқа орналасу мүм­кіндігін еселей түседі.

Қазір қоғамда жұмыс­шы мамандықтарына деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын жоғары білім­ді мамандар ғана беделді деп есептелсе, бүгінде білікті жұмысшының ел эконо­микасының тірегіне айналып келе жатқанына дәлел көп. Көптеген кәсіпорын білікті жұмысшыларға жо­ғары жалақы ұсынып, олар­дың кәсіби өсуіне жағдай жасауға кірісті. Осы тұрғы­дан алғанда, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы – ел болашағы үшін маңызды қадам. Игілікті бастама техникалық және кәсіптік білім беру саласын одан әрі дамыта түсуге, жастарды қажетті мамандықтарға баулуға, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал жасайды деп сенеміз.

Зухра Диуанова,

Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің жалпы пән оқытушысы

Қызылорда облысы

Social Link

Follow Me On Social Media