Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы словен делегациясына құрмет көрсетіп, Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Словениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады.
Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін бағыттарды атап өтіп, Қазақстанда Словения бизнесіне қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы Астанада өтетін Қазақстан-Словения бизнес-форумына ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын екі елдің сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетініне тоқталды.
Наташа Пирц-Мусар Астанада қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Бұл сапар экономикалық ынтымақтастығымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Аталған мақсатты екі ел де қолдайды. Бұдан да жоғары жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Оған біздің мол мүмкіндігіміз бар. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өзіңіз айтқандай, Словенияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті. Бірақ әлеуетіміз бұдан да зор. Осы себепті Астанаға менімен бірге Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді. Мен бұған қуаныштымын, – деді Словения президенті.
Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және туризм сияқты перспективті салалардағы ықпалдастықтың бірқатар мәселесін қарастырды.