What are you looking for?

"Оларға осындай ақымақ халық керек": Ұлттық банктің мәлімдемесі қоғамның талқысына түсті

01.04.2025

ҚР Ұлттық банк елдегі валюта айырбастау пункттеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салмақ. Оның себебі қоғамның талқысына түсті.

Аталған қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Қаулыны көпшілік 14 сәуірге дейін талқылай алады.

Қаржы қадағалаушы мекеме қазір айырбас пункттерінің бағам тақталары көше жарнамасына жатпайтынын мәлімдеді. Сол себепті оларды ғимараттарға, жол белгілерінің үстіне, қоғамдық орындарға бейберекет іліп тастауға қарсы.

Егер қаулы ресми түрде күшіне енсе, валюта бағамынан хабар беретін мәлімет тақтасын пункт орналасқан ғимарат ішінде ілуге ғана рұқсат.

«Кейде мұндай мәлімет тақталары жол қауіпсіздігі талаптарын бұзады, жол қозғалысына кедергі келтіреді», – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Ұлттық банктің бұл шешімі қоғамның талқысына түсті. Белсенділер мен сарапшылар теңгені нығайта білмеген банк өкілдерін сынға алды.

«Осылайша біздің қауіпсіздігімізге алаңдайды екен. Алаңдағаны соншалық жол бойындағы валюта бағамы жазылған тақтайшаларды алып тастамақшы. Енді тамыздан бастап теңгенің тентіреп, доллардың долданып, еуроның елпеңдеп тұрған бағамын жол-жөнекей көз қырымен көре алмайсың. Өйткені бұл таблолар жүргізушілердің көзін көлегейлеп, “обзорын” жабады депті Ұлттық банктегі ұлылар», — деп шүйлікті журналист Диас Нұрақын.

Елдің экономикалық қауіпсіздігінен бұрын жол қауіпсіздігіне аса мән бергіш банкирлер енді әлем-жәлем жарнама тақтайшаларын да тып-типыл қылса дейсің. Тіпті жазды күні жолдың жартысын жауып қалатын жасыл-желек пен тал-дарақтарды да қырқып тастау керек. Елдегі ДТП статистикасы бұдан да азаймаса, көше бойына жақын орналасқан үйлер мен ғимараттарды да сүріп тастау керек.

Ұлттық банктегі ұлылар девальвацияны ауыздықтаудың дені дұрыс формуласын таппады. Тек валюта бағамы жазылған таблоларды тықсақ, теңге нығайып кетеді деп ойлайды екен.

«Олай болса супермаркеттегі азық-түліктің бағасын да алып тастайық. Жанармай бекеттерінде бензин бағасын да жазбауды ұсынамын. Сонда бағаны айтып бажылдап, бас ауыртпаймыз. Қымбаты қайсы, арзаны қайсы ажырата алмай ақымақ боламыз. Бұларға как раз сондай ақымақ халық керек емес пе?», — деп түйіндеді журналист.

Social Link

Follow Me On Social Media