Әлинұрды сабап, видеоға түсіргендердің ата-анасына үкім шықты.
Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Семей қаласында оқушыны соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік істерді қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот оларды балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 127-бабына сәйкес тиісті әкімшілік жазалар тағайындады.
Сот қаулысымен бір ата-ана 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қалған жасөспірімдердің ата-аналарына 78 640 теңгеден айыппұл салынды.
Бұған дейін Абай облысының полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Семейде арнайы комиссия осы оқиғаға байланысты шешім шығарды.
Сондай-ақ, қазақстандықтар Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына 24 млн теңге жинап берген еді.