СІМ-нің 2025 жылғы 21 мамырдағы бұйрығымен шетелде қызметтік міндеттерін атқару кезінде дипломатиялық қызмет қызметкері немесе жұмыскері қаза тапқан не жарақат салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда біржолғы өтемақы төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, шетелде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ҚР дипломатиялық қызметінің қызметкері немесе жұмыскері қаза тапқан не шетелде қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақаты салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған, оған ауру, мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда біржолғы өтемақы төлеу қағидалары шетелде қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектікке әкеп соқпаған мертігуді алу және мертігуді алу жаңа редакцияда жазылды.
Дипломатиялық қызмет персоналы шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан жағдайда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі дипломатиялық қызмет персоналының қаза табуына алып келген мән-жайларды көрсете отырып, осы факт туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Персоналды басқару қызметіне дереу жібереді.
Егер болу мемлекетінің заңнамасында өзге мерзімдер көзделмесе, дипломатиялық қызмет персоналы қаза тапқаннан (қайтыс болғаннан) кейін 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірмей шет елдегі мекеме Министрліктің Персоналды басқару қызметіне мынадай құжаттарды:
- дипломатиялық қызмет персоналының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесін;
- нысанға сәйкес дипломатиялық қызмет персоналының шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза табуы (қайтыс болуы) туралы актіні;
- медициналық мекеме берген қайтыс болу туралы медициналық анықтаманың немесе болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес қайтыс болу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмелерін жібереді.
Шетел тілінде жасалған құжат қазақ немесе орыс тілдеріне аударылады, консулдық лауазымды адамның қолымен куәландырылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрмен (елтаңбалық мөр) бекітіледі.
Құжаттар толық көлемде жолданбаған жағдайда, Министрліктің Персоналды басқару қызметі жетіспейтін құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы шет елдегі мекемеге хабарлайды және оларды ұсынудың 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімді белгілейді.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалатын дипломатиялық қызмет персоналының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстарының бірі дипломатиялық қызмет персоналы қайтыс болған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей Министрліктің Персоналды басқару қызметіне біржолғы өтемақы төлеуге өтініш береді.
Дипломатиялық қызмет персоналы шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған жарақаттың салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда, ол шет елдегі мекемеде жұмысын тоқтатқаннан кейін, қайтыс болған дипломатиялық қызмет персоналының жұбайы (зайыбы) немесе «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалатын жақын туыстарының бірі, дипломатиялық қызмет персоналы қайтыс болған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей Министрліктің Персоналды басқару қызметіне жүгініп, мынадай құжаттарды:
- Нысанға сәйкес біржолғы өтемақы төлеуге өтінішті;
- дипломатиялық қызмет персоналының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесін;
- шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған жарақаттың салдарынан дипломатиялық қызмет персоналының бір жыл ішінде қайтыс болу фактісі бойынша медициналық қорытындыны;
- нысанға сәйкес шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған дипломатиялық қызмет персоналына шет елдегі мекеме ұсынған актінің көшірмесін ұсынады.
Шет тілінде жасалған құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне аударылады, консулдық лауазымды адамның қолымен расталады және елтаңбалық мөрмен бекітіледі.
Министрліктің Персоналды басқару қызметі көзделген құжаттарды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылған құжаттардың толықтығын салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Артынша құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде біржолғы өтемақы төлеу туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің немесе оның міндетін атқарушы адамның бұйрығының жобасын әзірлейді және оны олардың қарауына енгізеді.
Министр немесе оның міндетін атқарушы адам Министрліктің Персоналды басқару қызметі біржолғы өтемақы төлеу туралы бұйрықтың жобасын ұсынғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде қол қою туралы шешім қабылдайды.
Министрліктің Персоналды басқару қызметі 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіні Министрдің немесе оның міндетін атқарушы адамның қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.
Біржолғы өтемақы төлеуден бас тарту негізі анықталған жағдайда Министрліктің Персоналды басқару қызметі әкімшілік акт қабылданғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге біржолғы өтемақы төлеуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ өтініш берушінің алдын ала шешім бойынша позициясын білдіруіне мүмкіндік беру үшін өткізілетін тыңдаудың уақыты, күні мен орны, тәсілі туралы хабарлайды.
Тыңдау нәтижелері бойынша Министрліктің Персоналды басқару қызметі біржолғы өтемақы төлеу туралы Министрдің немесе оның міндетін атқаратын адамның бұйрықтың жобасын әзірлейді және олардың қарауына ұсынады немесе өтініш берушіге біржолғы өтемақы төлеуден дәлелді бас тарту жолдайды.
Біржолғы өтемақы Министрдің немесе оның міндетін атқарушы адамның біржолғы өтемақы төлеу туралы бұйрығы қабылданған күннен бастап 1 (бір) айдан кешіктірілмей өтініштерде көрсетілген банк шотына аудару арқылы төленеді.
Біржолғы өтемақы төлеу белгіленген мөлшерлерде республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
Бұйрық 2025 жылғы 9 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.