What are you looking for?

Құлсарыдағы трагедия: зардап шеккендердің жағдайына қатысты толыққанды мәліметті ұсынылды

31.05.2025

Атырау облысының әкімдігі Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінің жарылысы салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айта кетсек, Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетінде 30 мамырда кешке газды автоцистернадан стационарлық резервуарға айдау кезінде қатты жарылыс болды. Салдарынан 14 адам зардап шегіп, тағы екі адам көз жұмды.

31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.

"⁠Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы —25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы —тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", — деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді . Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.

"Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеуде", — деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 адам, 17 техника жұмылдырылды. 21:47 -де өрт толығымен сөндірілді.Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қайтыс болған екі азаматтың үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтты. Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетіледі.

Бұған дейін Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов 30 мамырда Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетіндегі жарылыс және одан кейінгі өртке байланысты жедел штабтың кезектен тыс отырысын өткізгені хабарланған болатын. Жарылыс кезінде екі адам қайтыс болды, тағы 14 адам зардап шекті. Кейінірек төрт баланың зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Social Link

Follow Me On Social Media