Солтүстік Қазақстан облысында төрт адам сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды, ішінде депутат Павел Булаев та бар, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Петропавл қалалық соты:
- Б.-ға қатысты аса ірі мөлшерде мүлікті ұрлау, қылмыстық кірісті заңдастыру және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 364-бабының 1-бөлігі, 218 бабының 3 бөлігінің 1), 3) тармақтары),
- М., Ш. және Я.-ға қатысты аса ірі мөлшердегі мүлікті ұрлады деген айыппен (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.
Сотта не анықталды?
Сотталушы Б. "Петропавл қаласы әкімдігінің сарқынды суларды тазарту, су бұру және су бұру құрылыстары" МҚК директорының міндетін атқарушы ретінде кәсіпорын атынан коммерциялық ұйым құрып, 2019-2021 жылдар аралығында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
Оған қоса Б. 2020-2022 жылдар аралығында бюджет қаражатын жымқыру мақсатында жалған шарттар жасасқан. Соның салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде зиян келген.
Б. ұрланған ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде тұрғын үй салуға және мүлік сатып алуға жұмсаған.
Тараптардың ұстанымдары
Прокурор Б.-ны 8 жылға бас бостандығынан айыруды, ал М., Ш. және Я.-ны 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот шешімі
Сот үкімімен барлығы кінәлі деп танылып, оларға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды:
• Б.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру;
• М., Ш. және Я.-ға 7 жыл 6 айға.
Tengrinews.kz
Сонымен қатар, сотталушыларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады.
Қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне өтті. Тізімге алты пәтер, дүкен, гараж, жер телімдері, шеберхана, Toyota Land Cruiser, BMW X6, Porsche Macan көліктері, сондай-ақ, арнайы техникалар, экскаваторлар, жүк көліктері, тиегіштер кіреді.
Сотталғандардан мемлекетке 805 миллион теңгеден аса материалдық шығын өндіру міндеттелді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!