1992 жылдың 4 маусымы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері ресми түрде қабылданған күн. Бұл дата еліміздің егемендігін бекітіп, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа бет-бейнесін қалыптастыру жолындағы аса маңызды кезең болды. Содан бері бұл күн — «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде кең көлемде аталып келеді. Бүгін біз өткен күнге сәл шегініс жасап Мемлекеттік рәміздердің қалай қабылданғаны туралы қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.
Мемлекеттік рәміздер — ел тәуелсіздігінің басты белгілері. Тарихи тағдыр мен ұрпақ мұратын бойына сіңірген бұл нышандар – халықтың өткенін жаңғыртып, болашағына бағдар беретін ұлттық коды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіз мемлекеттің іргесін бекіткен айшықты таңбалар ретінде бүгінде әрбір азамат үшін қастерлі ұғымға айналды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Оның авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.
Көк түсті ту — бейбіт аспан мен тұрақтылықты білдіреді. Ортасындағы алтын күн – өмір мен молшылықтың белгісі. Күн астында қалықтаған қыран – еркіндіктің, қырағылық пен биік мұраттың символы. Ал сол жағындағы ұлттық өрнек – қазақ халқының бай мәдениетінің бейнесі.
Бұл көк байрақ бүгінде әлемдік ареналарда Қазақстанның атын асқақтатып, биік мінберлерде желбіреп тұр.
Елтаңба – ел бірлігінің белгісі
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы да 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Оны жасаған – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Елтаңбаның жүрегінде – шаңырақ. Бұл – мемлекеттің тұғыры, бірлік пен ынтымақтың символы. Одан тараған уықтар ел ішіндегі татулықты білдірсе, қанатты пырақтар – халықтың қиялы мен еркіндігінің, арманының көрінісі. Бесбұрышты жұлдыз – болашаққа деген сенімді бейнелейді. Төменгі бөлікте латын қарпімен жазылған «QAZAQSTAN» сөзі – мемлекеттің айқын айнасы.
Елтаңба – тарихи тамыр мен заманауи болмыстың ұштасқан үлгісі.
Әнұран – халық жүрегінің үні
Қазақстанның қазіргі Мемлекеттік Әнұраны 2006 жылы 6 қаңтарда қабылданды. Оның негізі ретінде халыққа кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні алынған.
Сөзін жазған: Жұмекен Нәжімеденов. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев сөзіне сәл өзгерістер енгізді. Сондықтан да Әнұранның сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев деп айтылып, жазылатын болды.
Ал әнін қазақтың қайталанбас сазгері Шәмші Қалдаяқов шығарған.
Жаңартылған Әнұран тәуелсіздік жылдары өсіп-жетілген жаңа буынның бойына елжандылық пен патриотизмді дарытып, ұлт рухын көтеруге үлес қосып келеді.
Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын түрлі форматта кеңінен атап өтіледі. Мектептерде ашық сабақтар, жоғары оқу орындарында танымдық кездесулер, ел ішінде патриоттық шерулер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күн – жастарға ел тарихын танытатын, рәміздердің терең мәнін ұғындыратын маңызды тәрбие сағаты.
Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекеттің ресми нышандары ғана емес, олар – елдің рухани болмысы, ұлттық мақтанышы. Қазақстанның әрбір азаматы үшін бұл рәміздер – жүрек төрінде тұратын қасиетті ұғым. Рәмізге құрмет – елге, ұлтқа, болашаққа деген құрмет екені даусыз.