Астанада орын алған автобус апатынан зардап шеккен сегіз жастағы Алуа Бекенге мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді.
Қажетті медициналық көмек көрсетіліп, оңалту шаралары аяқталғаннан кейін, балаға мүгедектік белгіленсе, республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, – деді вице-министр Виктория Шегай.
Ведосмства өкілінің сөзінше, баланың анасына да мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасау үшін тиісті жәрдемақы төленбек. Жәрдемақының нақты көлемі мәселесі жеке түрде, еңбекке қабілеттіліктің жоғалу деңгейіне байланысты анықталатынын жеткізді.
Оқи отырыңыздар:
- Автобус апаты: екі аяғынан айырылған Алуаның туыстары елден көмек сұрап жатыр
- Кәсіпорындар жұмысшылардың жарақат алуына жол бермеу керек – Бектенов
Еске салайық, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған еді. Жол апатынан 15 адам зардап шекті.
Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер 8 жастағы Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астанадағы ірі жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі қамауға алынған болатын.