2 азамат тікелей эфир арқылы 10,5 миллион теңге пайда тапқан.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті TikTok әлеуметтік желісі арқылы онлайн-құмар ойындарды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz
2025 жылдың 12 маусымында ҚМА баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, тергеу барысында күдіктілердің тұрақты түрде тікелей эфир өткізіп, құмар ойын ұйымдастырғаны анықталды.
"Азаматтар ойынға қатысу үшін ақша қаражатын банктік қосымшалар арқылы ұйымдастырушылардың шоттарына аударып отырған. Жиналған заңсыз табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құрады", – делінген ҚМА баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот үкімімен екеуі де заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
"Біреуі 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, екіншісі 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды", – деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, TikTok-тағы ойындардың негізгі аудиториясын жастар құраған.