Батыс Қазақстанда дүниеге келген Бағдат Дускинова бүгінде Лондонның танымал флористерінің біріне айналды. Гүлге деген сүйіспеншілігі оны сәнді кештерді безендіретін luxury-бизнеске алып келді. Лондон – әлемдік сәннің, өнердің және жоғары талғамның ордасы. Бұл қалада өз орныңды табу, әсіресе, кәсіпкерлік саласында, оңай емес.
Ауылда өскен Бағдат кішкентай кезінен табиғатқа, өсімдіктерге қызыққан. Кейіннен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны үздік аяқтаған.
«Университетте жүргенімде-ақ ландшафт дизайнына ерекше қызығатынмын. Далалық тәжірибе кезінде табиғаттың өзіндік үйлесімін бақылау қиялыма қанат бітірді. Өйткені табиғат түстер мен формаларды тамаша үйлестіреді», дейді.
Жұбайының жұмысына байланысты Лондонға қоныс аударған кезде Бағдат өзіне таныс салада жұмыс істеймін деп шешеді. Гүл компаниясына қызметке орналасып, британдық гүл нарығын тереңірек зерттей бастайды. Бір жыл өткен соң өз бизнесін бастауға бел буған:
«Барлығын нөлден бастадым. Алғашқы инвестициям бірнеше мың фунт қана болды. Ол қаржы кеңсе жалдауға, көмекшілердің жалақысына, құрал-жабдықтар мен алғашқы тапсырыстарға арналған гүлдер мен материалдарды сатып алуға кетті».
Ол алғашқы күннен-ақ жоғары сапа мен даралықты басты назарға алды. Лондон нарығында бәсекелестік жоғары болғанымен, клиенттердің қалауын дәл орындау әрі қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы табысқа жетуге болатынын түсінді.
«Клиенттеріміз гүл шоқтарын мейрамханаға белгіленген уақытта немесе тіпті түн ортасында үйге жеткізуді сұрайды. Лондонда мұндай қызмет сирек кездесетіндіктен, біз бұл бағытта сенімділік қалыптастырдық. Алғашқы жылымыздың қорытындысы бойынша салық есебінде пайда көрсеттік. Жыл сайын табысымызды 30-35%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз», дейді Бағдат.
Оның компаниясында гүл шоқтарының бағасы 100 фунттан басталады. Клиенттері – жергілікті жұлдыздар, танымал спортшылар мен жоғары табысты адамдар. Гүл сатумен қатар кәсіпкердің компаниясы сәнді іс-шараларды безендірумен де айналысады. Олардың жобаларының арасында әлемдік IT-компаниялардың Лондон сарайларында өткен салтанатты кештері де бар.
«Бізге XVIII ғасырда салынған Аддингтон сарайының үлкен залдарын безендіру мәртебесі бұйырды. Бұл сарай бір кездері Англияның Кентербери архиепископтарының резиденциясы болған. Осындай ауқымды жобалар тынысымызды ашты. Британдықтар табиғи көріністі ұнатқанымен, Лондон – әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер тоғысқан қала. Сондықтан араб, қытай және шығыс стиліндегі гүл шоқтарын да әзірлейміз. Біз авторлық гүл шоқтарымен жұмыс істеуді ұнатамыз. Мысалы, Джеймс Бонд стиліндегі немесе Тим Бертон фильмдерінің сюжеттеріне негізделген ерекше композициялар жасаймыз», дейді кәсіпкер.