What are you looking for?

Гидротехникалық құрылыстар жаңғыртылады

08.03.2025

Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің алқа отырысына қатысты. Отырыста сала басшылығы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған жоспарды таныстырды. Алқа отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Кешенді жоспардағы іс-шараларды қаржыландыру мәселесі шешілуде. Министрліктің 2025 жылғы даму бюд­жеті өткен жылмен салыстырғанда 70%-дан астам ұлғайды. Осыған қоса салаға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ислам даму банкімен қарыз беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Осыған байланысты бұл қаражат­тың толық әрі тиімді игерілуін ерекше бақылау­ға алуды тапсырамын», деді вице-премьер.

Сонымен қатар вице-премьер жөн­деуді қажет ететін апатты гидротех­ника­лық құрылыстарға (ГТҚ) назар аударды.

«Ықтимал қауіптерді ескере отырып, бұл мәселе – қоғамның, оның ішін­де депутаттардың ерекше назарында. Апатты гидротехникалық құрылыс­тардың қазіргі жағдайын жақсарту үшін қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеп, қаржыландыру көз­дерін анықтау бойынша шұғыл шаралар қабыл­дауды тапсырамын», деді Қ.Бозымбаев.

Президенттің «Қазсушар» мемлекет­тік кәсіпорнын трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында топтық су құбырлары желісін коммуналдық меншік теңгеріміне беру үдерісін жеделдету қажет.

Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі – трансшекаралық ынтымақтастық.

Орталық Азия бағытында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы трансшекаралық су ағынының режім­дерін айқындайтын тиісті келісімдерді әзірлеуге ерекше назар аудару қажет.

«Келісімді жаңарту бойынша осындай жұмысты Қырғызстан бағытында да жүргізу керек. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей аумағындағы су қоймаларының жұмыс режімдерін түзету бойынша алдын ала шаралар қабылдау үшін Ресей тарапымен жедел жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Қытай тарапымен бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан бірқатар мәселе бар. Қысқаша айтқанда, биыл министрлікке су дипломатиясына жаңа серпін беру қажет», деді вице-премьер.

Еліміздің батыс өңірлерін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Бұл бағытта біз Ақтөбе облысындағы Көкжиде және Айшуақ жерасты сулары кен орындарының іске асырылмаған әлеуетіне ие болып отырмыз. Осы жобаны іске асырудың күтілетін әсері айтарлық­тай сезіледі. Осыған байланысты жобаны жүзеге асырудың ықтимал тетіктерін жедел пысықтап, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын», деді Қ.Бозымбаев ведомство басшылығына.

Social Link

Follow Me On Social Media