What are you looking for?

Төрт дүркін жүлдегер

08.03.2025

Бірер күн бұрын Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен әлемдік рейтингтік турнир өтті. Осы сында әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова 72 кг салмақта чемпион атанды.

Айналмалы жүйемен өт­кен додада жер­ле­сі­­міз алдымен Еуро­па­ чемпионы, Токио жазғы Олим­пиадасының қатысушысы украин балуаны Алла Белинсканы жықты. Бірақ екінші белдесуін­де америкалық Александра Жунис­ке есе жіберді. Үшінші кезең­­де аргентиналық Линда Мачука­ны жықты. Тиранаға барған өзге ­балуан қыздардың ішін­де Эльмира Сыздықова 76 кг салмақта қола медаль иеленді.

Жәмила Бақбергенова – әйел­дер күресінен әлем чемпиона­тында төрт мәрте медаль олжа­­ла­ған жал­ғыз спортшы. Ол 2021 жы­лы Норвегияның Осло қаласын­да өткен әлем чемпионатының фи­налына таңғажайып жеңісімен тәнті етті. Ширек финалдық бел­десуде француз балуаны Ва­несса Вескан Жәмиланы ұпай ба­сымдығымен ұтып жатқанда мінез танытып, жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда түрік қызы Бусе Тусонды тулақша иледі. Бірақ финалда жапон қызы Масако Фуруичиге есе жіберіп, күміс медальді місе тұт­ты. Жасөспірім шағында, одан ке­йін жастар арасында да әлем чемпионы атанған Масако талассыз талант екенін дәлелдеді. Жалпы, еліміз спортының тарихында әйелдер күресінен әлем чемпионы шыққан жоқ. Сол кемдікті бү­тіндеуге Бақбергеноваға мүмкіндік туып еді, уыстан сусып кетті. «Әлем чемпионатының финалында күрестім дегенім болмаса, күмістің салмағы қола секілді сезіледі екен. Алтын алам деп көздеп шығып едім, бұйырмады» деп өкінішін білдірген.

2022 жылы Сербияның Бел­град қаласында өткен әлемдік доданың ширек финалдық бәсе­кесінде өзбек қызы Светлана Ок­назарованы, жартылай финалда румын Александра Ангелді жеңді. Финалда америкалық Эмит Елорға есе жіберді. Бір жыл бұрын әлем чемпионатының фи­налында Жәмиланы жеңген жапон қызы Масакоға Белград бозкілемінен қола медаль бұйыр­ды. Жаһандық доданың екі дүркін күміс жүлдегері деген даңққа жерлесіміздің көңілі семірген жоқ. Керісінше, өзін қайрай түсті.

2023 жылы Сербия елі күрес түрлерінен әлемнің саңлақтарын қайта жинады. 72 кг салмақта белдесуді Жәмила 1/8 финалдан бастаған. Еуропа чемпионатының жүлдегері сербиялық Фанни Надты айқын жеңді. Ширек финалда ресейлік Ксения Буракованы да жықты. Жартылай финалда моңғол қызы Даваанасан Энх Амарынға есе жіберді. Қола медаль үшін тартыста поляк Наталья Ивона Стшалканы еңсерді.

– Екі жыл бұрын өткен әлем чемпионатының жартылай фи­­налдық белдесу есіме түссе өзе­гімді өкініш қариды. Моңғол қы­зын еркін ұтамын деп өзіме тым сенімді болдым. Өйткені бір жыл бұрын Азия чемпионатында осы қызды 13:1 есебімен айқын басымдықпен жеңген едім. Содан да шығар, жартылай финалды емес, әлем чемпионатының алтын медалі үшін өтетін финалдық тартысты тым ерте ойлап қателес­тім. Даваанасанды жеңген соң аме­рикалық Эмит Елорда кеткен есемді қайтарып, әлем чемпионы атанамын деп асығып кеттім. Моңғолиялық балуанмен сауатты күрескенімде есе жібермес едім, – дейді спортшы.

Былтыр әлем чемпионаты Албанияның Тирана қаласында өтті. Ширек финалға дейін Молдова, Чехия балуанын жеңіп, жартылай финалдық тартыста моңғол қызы Болортунгалаг Зо­ригты ұпай басымдығымен ұтқан. Финалдық сайыста жапон балуаны Ами Ишиге есе жіберіп, тағы да күміс медальді місе тұтты. Бұл белдесуде ел спортының жылнамасына тың дерек тіркелетін еді. Жәмила жапон қызын 4:2 есебімен ұтып тұрды. Белдесудің бітуіне бар болғаны 27 секунд қалған. Жанкешті Ами Иши өршелене ұмтылып аяғынан қар­мап, таскенедей жабысып алды. Егер қорғанысын бекемдеп, қарсыласына әдіс жасатпай қой­ғанда Жәмила ел спортының тарихында әйелдер арасынан әлем чемпионы атағын алған алғашқы саңлақ атанатын еді...

2022 жылы Моңғолияда Азия чемпионаты өтті. Құрлық бірін­шілігінде егіз балуан Мәдина мен Жәмила Бақбергеновалар чемпион атанды. Ұлан-Батырдан ұшып келген күннің ертеңіне екі қыздың сиыр сауып, малды жайғап жүрген бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, көптің ықыласына кенелді.

«Өзім футболдан жаттық­ты­рушы болғандықтан, қыздарыма жеткіншек шақтарында аяқтың бұлшық етін қатайтуға арналған жаттығуларды жиі жасатушы едім. Кейін күрес өнеріне таң­дауы түсті. Мәдина Жәмиладан ­5 минут бұрын өмірге келген­дік­тен, қашанда өзінің үлкенді­гін байқатып тұрады. Жәмила керісінше біртоға салмақты, Мәдинаның басқаруына көніп, ілесіп жүретін. Өмірге одан бес минут бұрын ерте келгендігін алға салып, Мәдина сыңарын жұм­сайтын. Мектепте оқып жүр­генде де Мәдинаның сотқарлығы басылмады. Бірақ өздігінен еш­кімге соқтықпайды, ұрынарға қара таппай келіп тиіскенді оң­дырмай­ды. Бір күні екі сынып жоғары оқитын әпкесіне сыныбындағы бір ұл тиісіп, нұқып кетіпті. Оны Мәдина көріп қалады. Сөйтеді де Жәмиланы ертіп алып әлгі өзінен екі жас үлкен тентекті тезге салып жіберіпті. Екеуі де атқа ерте мінді. Тіпті тайларды өздері жуасытып, мініп алатын», дейді әкесі Науқаннұр Бақбергенов.

Жәмила былтыр Париж Олим­­пиадасының лицензиялық тур­нирінде жолдамаға сынық сү­йем жетпей сүрінді. «Мәдина так­ти­калық жоспарды өте сауатты құрып, әбжіл қимылымен ширақ күреседі. Жәмила керісінше, кү­ші­нің мығымдығын пайдаланады. Екеуі Азия құрлығында үздік шық­ты, Жәмила әлем чемпионатынан 4 мәрте жүлде алды. Ендігі меже – жазғы Олимпиада медалі. Соған жету үшін барымызды саламыз», деген Науқаннұр Бақбергенов қыздарының жетістігі тек тынымсыз төгілген тердің өтеуі екенін атап өтті. Егіз қыздары еңбекқор екенін мақтанышпен айтты.

Social Link

Follow Me On Social Media