Талай тұлғаның табанының табы қалған қасиетті Әулиеата өңірінде дүние дидарымен қауышқан айтулы азамат аз емес. Театр, кино өнерінің тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті әулиеаталықтар қай кезде де мақтан тұтады.
Біраз жыл бұрын ашылған Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылық орталығында жұмыс қарқыны ілкі сәтке де бәсеңсіген емес. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде орналасқан орталықтың жұмыс ауқымы кең. Мұнда әйгілі өнер тарланына тиесілі құнды құжаттар мен театр сахнасында, кинодағы негізгі рөлдерін сомдаған кезде пайдаланған бұйымдары сақталған.
Орталықтың ауыр жұмысын нәзік иығымен еңсеріп жүрген Жанат Тоқбанбетованың қолға алған, атқарар шаруасы жетерлік. Оның айтуынша, орталыққа өнер әлеміне аңсары ауған шаһар тұрғындары ғана емес, өңірдің әр қиырынан келген азаматтар жиі бас сұғады. Әйгілі актёр әлемімен танысуға келгендердің ішінде жасөспірімдер мен балдырғандар да бар.
«Әуелі қаржы және несие мамандығымен жоғары оқу орнын бітірдім. Кейіннен бұрынғы Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтында тарихшы мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім. Бастапқыда шалғайдағы Мойынқұм ауданында алғашқы мамандығыммен жұмыс істедім. Шығармашылыққа жақын болған соң ба, әйтеуір өзіме қазір істеп жүрген жұмысым ұнайды. Біршама уақыттан бері Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылық орталығында еңбек етіп жүрмін. Ілгеріде «Даңқ» залында тәжірибе жинақтағанымның пайдасы тиіп жатыр. Орталықтың ғылыми қызметкері ретінде бізге келген қонақтарға қолда бар деректер мен құндылықтар негізінде экскурсия жүргіземін. Асанәлі ағамыз бізге жиі ат басын бұрады. Ол кісі тапсырған жәдігерлерді қабылдап алу міндеті де маған жүктелген», дейді Жанат.
Орталық ғылыми қызметкерінің айтуынша, оның жұмысы экскурсия жүргізу, жәдігерлерді қабылдап алумен бітпейді. Тұрақты түрде ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Өйткені орталыққа келген түрлі санаттағы азаматтар тарапынан қойылатын сауал жеткілікті. Өнер тарланына қатысты туындаған кез келген сұраққа мүдірмей жауап беру – Жанаттың міндеті. Сондықтан да ұдайы ізденіс үстінде жүреді.
«Бізге келген азаматтардың ішінде Асағаңның жеке өміріне қатысты сауал қоятындар көп. Әйгілі тұлға болған соң, ол кісінің өміріне қатыстының бәрі қызық. Мұнда сақталған құнды жәдігерлердің тарихын да білгісі келеді. Мұндайда біздің мүдіріп қалуға қақымыз жоқ. Мен мұнда ғылыми қызметкер ретінде еңбек ететіндіктен, орталық жұмысы туралы тұрақты түрде жергілікті басылымдарға мақалалар жазып тұрамын. Көбіне жазған-сызғаным облыстық «Ақ жол», «Арай» газеттерінде жарияланады. Мақала жазу мен ән айту – сүйікті хоббиім, орталық жұмысын БАҚ бетінде насихаттау мен үшін қиындық тудырмайды», дейді кейіпкеріміз.
Тараз қаласында орналасқан Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылық орталық көзге шағындау көрінгенімен, мұнда үш қызметкер тынымсыз еңбек етеді. Дерекқорды толықтыру, түрлі іс-шаралар өткізу міндетінің бір бөлігі Жанат Тоқбанбетоваға жүктелген. Ол әрі көпбалалы ана, жары Жандарбек екеуі төрт баланы бағып-қағып, отбасының берекесін келтіріп отыр. Ал орталық жұмысын жандандыруға барынша үлес қосып жүрген кейіпкерімізді орталықтың шырақшысы десе де болады.
ТАРАЗ