What are you looking for?

Бұқтырма жағажайында құтқарушы жетіспейді

14.06.2025

Олар ондаған шақырымға созылған жағалаудың қала аумағында ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.

Қалғаны қараусыз. Сол себепті төтенше жағдай қызметкерлері су айдынын тәулік бойы бақылауға көшті. Жергілікті әкімдік туристерге қызмет көрсететін бизнес өкілдеріне суға түсу ережелерінің бұзылмауын назарға алуды тапсырған.

Бұқтырманың суы әзірге салқын. Келер аптада күн ысиды деп күтіледі. Соған дейін демалыс орындары шомылу маусымына дайындықты аяқтауы тиіс. Биыл жазда жағалауға 30 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар.

Құтқарушылар тек жағалаудың қаладағы аумағында бар. Олар жауапты кезекшілік алдында күн сайын жаттығу өткізіп, суда адам құтқаруға машықтанып жатыр. Бұқтырма жиегінде жүзге жуық демалыс орны бар. Көбінде бақылау мұнарасы да, құтқарушы маман да жоқ. Туристерге қызмет көрсететін бизнес иелері шығындалуға құлшынысты емес.

Нұржан Қанапин, Жаңа Бұқтырма ауылының әкімі:

- Осы коммуналдық жағажайымыз. Осы жерді керек-жарақтармен толық қамтамасыз еттік. Құтқарушыларымыз осында орналасады, осы жерде құтқару мұнарасы орналасады. Қазір барлық стандарттарға сай келетін жалғыз осы жағажай.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері күнделікті жағалауда жүрдек катермен бақылау жүргізеді. Қажетінше, құтқарушыларды оқытуға да дайын.

Ерік Тұрсынғалиев, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

- Бүгінгі таңда біздің департаментте 20-дан астам құтқарушы оқытылды. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы суға түсу маусымындағы рейдтік шаралар кезінде 6 адамға айыппұл салынды.

Мамандар судағы көлік құралдарының қозғалысын да қадағалайды. Себебі былтыр скутер, қайық тізгіндегендердің қатысуымен 200-ден астам заңбұзушылық тіркелді.

Андрей Львов, ШҚО Көліктік бақылау инспекциясының инженері:

- Демалушылар шағын көлемді су көлігін басқару кезінде ереже сақтамайды. Тіпті кейбірі құтқару кеудешесін де кимейді. Осылайша, өзгелерге қауіп төндіреді.

Келер аптада ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтерілмек. Демек, жағажайда демалушылар саны артады. Жалпы биыл облысқа 400 мыңдай турист келеді деп болжанған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Social Link

Follow Me On Social Media