16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында жер сілкініп, сот уақытша үзіліс жариялауға мәжбүр болған-ды.
Осы жайтты есіне алған тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров өмірдегі қорқыныштарын тізбелеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол мұны марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеевпен бірге сұхбаттардың бірінде айтқан.
Еске салайық, Тахир Халимназаров – Шерзат Полат және Нүкенованың мәйітін тексерген тәуелсіз сарапшы.
– "Өміріңіз мәйітханада өтті, жүрегіңіз бар екен ғой" дейді. Мен ондай ештеңеден қорықпаймын. Бірақ, қорқынышты кинолар мен биіктен қорқамын. Үшінші қабаттан жоғары тұратын туысым бар, қонаққа шақырса, бармаймын. Өйткені, білмеймін, сондай бір қорқыныш сезімі бар. Самалдықтан төмен қарағанда жаман болып кетемін. Сол сияқты жер сілкінісінен де қорқамын. Сол күні (Шерзат Полат сотындағы жер сілкінісін айтады) мені күткендей, мен сөйлеп жатқанда жер сілкінді, аздап қорықтым. Сөзімді ұмытпаймын ғой, жазып алғанмын бәрін, – деді ол.
Осы кезде адвокат Мейірман Шекеев те сөзге араласты. Ол тәуелсіз сарапшының ерекше қырын айтып өтті.
– Жұрт мәйіттен қорқып қашса, бұл кісі соның ортасында жүреді. Сол күні жер сілкініп жатса да сұрағымды тезірек қойып, жауабымды алу мақсатым болды. Судьяға "біссіміллә" деп ары қарай жалғастыра берейік" деп қоямын, – деп өткен шақты еске алды адвокат.
Тәуелсіз сарапшы сот отырысында Шерзаттың аузынан қан ағу себебін де көпшілікке түсіндіріп берген еді.