Трансферлік терезеде "қасқырлар" сапынан бірнеше ойыншының кету қаупі бар.
Бұл мәселеге қаржылық жағдайдың тікелей әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта команданың басты ойыншылары саналатын Айбар Жақсылықов, Думан Нәрзілдаев, Айбол Әбікен және Қуаныш Қалмұратов, т.б. секілді ойыншыларға өзге ҚПЛ клубтарынан ұсыныстар түсуде. Футболшылар мұндай мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейді. Тіпті, кейбіреуі ауысу туралы нақты шешімге келген болуы да мүмкін. Себебі, ойыншыларға клуб басшылығы тарапынан уәде еткен сыйақылар әлі күнге дейін төленбеген көрінеді.
Бұл жағдайдың астында қаржылық жайттың бары анық. Футбол сарапшылары да аталған мәліметтің белгілі бір деңгейде рас екенін жазуда. Клубтың басшылығы не баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.
Еске салайық, жуырда жанкүйерлермен кездескен Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев "клуб құрамын күшейтеміз, 3-4 отандық мықты ойыншыны қатарға қосамыз" деп уәде берген болатын. Сондықтан, командадан бірнеше ойыншының кетуі де заңдылық секілді.
"Қайсар" биылғы маусымды 100 пайыз легионерсіз бастап, тек қазақстандық ойыншыларға иек артқан еді.