Шымкентте прокуратураның үйлестіруімен Қаржы мониторингі агенттігінің жергілкті департаменті «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Күдіктілер түскен ақшаға элиталы үйлер мен қымбат автокөліктер сатып алған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсеткені анықталған. Олар инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30 пайызын құрайтын ай сайынғы табысқа уәде беріп, негізгі капиталдың сақталатынына кепілдік берген. Ал шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған. Осылайша қаржы пирамидасына мыңнан астам инвестор тартылған.
Күдіктілер түскен ақшаларды жалпы құны 280 миллион теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған. Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша мен құны 28 миллион теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда отыр. Қала прокуратурасы азаматтарды үлкен дивидендтер беретін компаниялардан сақ болуға және лицензиясы бар-жоғын тексеруге шақырады,-делінген прокуратура мәліметінде.