Жыл басынан бері жүргізілген 107 тексеру шарасының нәтижесінде 400 азаматтан 5,2 миллион теңге өндіріліп алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіне облыстық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Атырау облысында көлік салығы бойынша жеке тұлғалардың берешегі 500 миллион теңгеден асып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы 9 мыңнан астам азаматтың көлік салығы бойынша жалпы берешегі 505 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 400 миллион теңгесі – негізгі қарыз, ал 105 миллион теңгесі – өсімпұл.
Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы Бисен Юсубалиевтің айтуынша, көлік құралдарына иелік ететін барлық азаматтар салық төлеуші болып саналады. Салық сомасы көліктің қозғалтқыш көлеміне және айлық есептік көрсеткішке қарай есептеледі.
– Қазір 2024 жылға арналған мүлік салығына қатысты есептеулер жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталып, банктердің мобильді қосымшалары арқылы азаматтарға push-хабарлама түрінде жолданады. Сол себепті тұрғындарды салықтарын уақытында және толық төлеуге шақырамыз, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Егер салықты белгіленген мерзімде төлемесе, алдымен хабарлама жіберіледі, кейін салық бұйрығы шығарылып, берешек мәжбүрлеп өндіріледі. Бұл процесті жеке сот орындаушылары жүргізеді.