Рамазан Оразов таяуда Қазақстанға оралуы мүмкін.
Рамазан Оразов 2024 жылдың жазында Данияның "Силькеборг" клубына ауысып, үш жылдық келісімшартқа қол қойған еді. Жас ойыншының Еуропаға қадам басуы қазақстандық футбол жанкүйерлерін үмітке бөлеген. Алайда, шындық күткеннен өзгеше болып шықты. Бір маусым ішінде Оразов небәрі 13 ойынға қатысып, негізгі құрамға мықтап орныға алмады.
Оразов неге ұлттық құрамаға шақырту алмай жүр?
Клубтағы тұрақты ойын практикасының жоқтығы ұлттық құрамадағы жағдайына да әсер етті. Себебі маусымдағы матчтарға шақырту алған жоқ. Мұндай сәтсіз кезеңнен кейін Оразов отанға оралуды қарастырып отырғаны заңды шешім.
Оразовқа қай клубтар көз тігіп отыр?
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Рамазан Оразовқа Қазақстанның екі клубы – "Ақтөбе" мен "Елімай" нақты ұсыныс жасаған. Екі клуб та орталық алаңға креатив пен тәжірибе қосатын ойыншыны өз қатарында көргісі келеді.
Рамазанның елге оралуына не кедергі?
Бүгінде ойыншы мен клубтар арасындағы басты кедергі – қаржылық талаптар. Кей деректерге сүйенсек, Рамазанның жалақы бойынша қойып отырған шарттары ҚПЛ деңгейінен жоғары. Бұл мәселе шешілсе, келісім жасалуы мүмкін.
Рамазан Оразовтың ҚПЛ-ға оралуы жай ғана трансфер емес. Бұл ойыншының өз мансабын қайта жандандыруға жасаған батыл қадамы. Ал, қай клуб осы сенімді беріп, келісімге қол жеткізсе, ортаңғы алаңда нағыз көшбасшыға ие болары анық.
Алдағы күндері бұл трансфер айналасындағы барлық жорамалдардың нүктесі қойылады. Елімізге қайтқан Оразовтан жанкүйерлер тек жарқын ойын күтеді.
Сонымен бізге келіп жеткен инсайдерлік ақпараттарға сүйенер болсақ, таяуда Оразов "Елімайға" келуі тиіс. Дегенмен ресми ақпарат күтеміз.