Атырауда өндіріс ошақтары шоғырланған арнайы экономикалық аймақ электр қуаты тапшылығын сезінуде, деп хабарлайды 24kz.
Қазір мұнда 12 жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 20 мегаВатт қажет. Осыған орай өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары экономикалық аймақты электр энергиясымен қамтитын компанияда болды. Мұндағы газ турбиналы электр станциясы 240 мегаВатт электр қуатын өндіреді. Оның 40-42 мегаВатын өндіріс алаңындағы компаниялар алса, қалғаны KEGOC мекемесіне жіберіледі. Зауыт басшылығымен кездескен депутаттар кіші және орта бизнесті дамыту мәселесі мен электр қуатын толық көлемде өндіру жайын талқылады. Сонымен қатар қосалқы станция салу жобасын пысықтады.
Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз тек қана ірі жобаларға мән бере бермеуіміз керек қой. Негізінен осы елімізді, халықты жұмыспен қамтитын кіші және шағын кәсіпорындар. Ал сондықтан біз осы жерде экономикалық аймақ болады деп құрдық. Келем деушілер, қызығушылық өте жоғары. Болашақта тіпті орын болмайды. «Сондықтан резервімен салдыртыңдар», - деп мен де ұсыныс жасап отырмын.