"Шымбұлақ" әкімшілігі бүгінгі қар көшкініне үш шаңғышының әрекеті себеп болғанын айтты, деп хабарлайды тау шаңғысы базасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының Telegram-дағы арнасында бүгін таңертең Школьник тауында, Комби-2 аспалы жолы аймағында болған қар көшкініне қатысты ресми пікір берілді.
Онда 7 және 9 наурыздағы жауын-шашыннан кейін курорттың қар көшкінімен күрес қызметі "Аваланчер" жүйесі арқылы бес жарылыс жасап, профилактикалық жұмыс жүргізгені айтылады.
Конус, Школьник және Сухой Лог учаскелерінен 7 мың текше метрге жуық қар тазартылған. Баспасөз қызметінің өкілдері сонымен қатар тестілеу аяқталғаннан кейін барлық трассадан тыс жер тормен қоршалып, ескерту және тыйым салатын белгілер қойылғанын айтады.
"Сағат 10:02-де курорттың жедел басқару орталығына Школьник тауының жоғарғы экспозициясынан қар көшкіні түсіп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел құтқару қызметі жетіп, қар көшкіні болған аумақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.
Сондай-ақ үш шаңғышының тыйым салатын белгілер мен қоршауларды өз бетінше бұзып, тордан қауіпті аймаққа өтіп, қар көшкініне себеп болғаны анықталды. Қазір қауіпсіздік қызметі оларды анықтау және іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта "Комби-2" және "Сол Талғар" соқпақтары жабық, "Комби-2" аспалы жолы тек жаяу түсетін қонақтар үшін жұмыс істейді.
"Шымбұлақ тау курорты қонақтарды қойылған қауіпсіздік белгілерін қатаң сақтап, қоршаудан өтпеуге шақырады! Ескерту белгілерін елемеу тек сіздің өміріңізге ғана емес, басқалардың өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Қауіпті аймақтар апаттың алдын алу үшін ғана жабылады", — деді демалыс орны өкілдері келушілерге.