What are you looking for?

Қарқаралының Талды ауылында отбасылық амбулатория салынды

11.03.2025

Қарқаралының Талды ауылында 65 жылдан кейін жаңа медициналық нысан ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұған дейін ауыл тұрғындары ескі дәрігерлік амбулаторияға қаралатын. Алайда ғимарат тар, жабдықтар жетіспейті еді.

«Енді жаңа отбасылық амбулатория біраз жоқты түгендейтін болды», - дейді халық. Жалпы Қарқаралы ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың барлығы жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Талды ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1960 жылы салынған. Ғимарат ескі әрі тар. Қыс мезгілінде жылыту үшін пеш жағылады. Сонымен қатар қажетті медициналық жабдықтардың кейбірі жетіспейді. Дәрігер ауданнан келіп тұрады, ал амбулаторияда негізінен кіші медицина қызметкерлері қызмет атқарады.

Рымкүл Тойбекова, Талды ауылы дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі:

- Дәрігеріміз бар келіп тұратын Қарқаралыдан. Халқымызға көмек көрсетіп тұрады. Өзі осы ауылдың халқы 1700-дей. Соларға көмек беріп, ауданға жіберіп тұрамыз.

Жақында ауылда жаңа отбасылық амбулаторияның құрылысы аяқталды. Жобаның жалпы құны – 305 миллион теңге. Қазіргі уақытта медициналық мекемеге қажетті жабдықтар жеткізілуде. Жаңа амбулаторияда бұрын болмаған физиотерапиялық және басқа да медициналық қызмет түрлері ұсынылады. Сондай-ақ мұнда күндізгі стационар, ерекше балаларға арналған бөлме және жүкті аналарды қабылдайтын арнайы бөлме қарастырылған.

Ләззат Әшкенова, Талды ауылының тұрғыны:

- Анализ тапсыратын жеріміз осы жерден ашылса, ол да жақсы болар еді. Ешқайда жүгіртпей, Қарқаралыға барғанша осы жерден тапсырғанымыз жақсы емес пе?! Әрине, жедел жәрдем қажет. Біздің анау жаңадан келген шопыр өзінің жеңіл машинасымен жүр.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қарқаралы ауданында 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. 2023 жылдан бері олардың 8-і пайдалануға берілді, ал қалған нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы керек. Сонымен қатар жаңадан ашылған медициналық мекемелерге мамандар тарту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.

Нәзира Ыдырысова, Қарқаралы аудандық ауруханасы директорының орынбасары:

- Онда бізде қазір ваканттық орын бос тұрған Теректі ауылдық дәрігерлік амбулаториясы. Сосын Тоқтар ауылында дәрігер болмаған. Тақау арада келді. Теректіде ғана жоқ. Бұл жаңа ұлттық жоба аясында тек қана дәрігерлік амбулатория емес, физиокабинеттердің жұмысын жақсартады. Яғни, физиотерапияны науқастар ауылдық жерде ала алады.

Аудандық ауруханада маман тапшылығы байқалады. Қазіргі уақытта окулист, отоларинголог (ЛОР), кардиолог және эндокринолог дәрігерлер қажет. Бұл мамандарды резидентурада оқыту жоспарланған. Жалпы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 64 дәрігер жетіспейді. Сонымен қатар 92 ауылдағы медициналық нысандар ескірген. Бұл елді мекендерде ұлттық жоба аясында басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит