2025 жылғы 11 наурыздағы үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев уақыт өзгерісінің қазақстандықтардың денсаулығына әсері туралы зерттеудің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке бұл мәселені сындарлы қарап, бірлесе салмақты шешім қабылдауды тапсырғанын хабарлады.
Мониторинг біртұтас уақыт белдеуін енгізу туралы шешімнің теріс әсерлерінің жоқтығын көрсетті.
Сауда министрлігінің басшысы уақыт өзгерісінің адамдардың денсаулығына, электр энергиясын тұтынуға, еңбек белсенділігіне, жол-көлік оқиғаларына, балалардың оқу үлгеріміне және басқа да аспектілерге әсері бойынша зерттеу жүргізілгенін атап өтті.
"Деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуі өзгерістерінің халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне теріс әсерін көрсетпейді. Сонымен қатар, бірқатар мәслихаттар жұмыс кестесін сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін түзетуді қолдады – бұл шаралар кәсіби және жеке өмір арасындағы теңгерімді жақсартуға бағытталған. Бұл тәжірибе қажет болған жағдайда басқа өңірлерге де таратылады", — деді Арман Шаққалиев.
Қазақстан тұрғындары 2024 жылдың 1 наурызынан бастап UTC+5 біртұтас уақыт белдеуінде тұра бастады. 14 қарашада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Денсаулық сақтау министрлігі сағат белдеуінің өзгеруінің қазақстандықтардың өміріне әсері туралы жеке ғылыми зерттеу жүргізуді сұрағанын айтты.