Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2009 жылдың 2 желтоқсанында 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария етті. Атаулы күнді белгілеу туралы ұсыныс қазақ елі тарапынан жасалған еді. Бұл күннің 29 тамызға белгіленуінің де себебі бар. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан біржақты тәртіппен Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатқан болатын. Ал ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен қазақстандықтарға мемлекет лайықты қолдау көрсете алып отыр ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы туралы сауал жолдағанбыз. Сұрақтардың кейбіріне ішінара, кейбіріне толық жауап берілсе, тағы бір бөлігі мүлде жауапсыз қалған
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Семей ядролық сынақ полигонының зардабы туралы том-том кітап жазылып, таспа-таспа фильм түсірілді. Соның бәрі жергілікті халықтың басына түскен ауыртпалықты дәлме-дәл жеткізе алмас. Полигонды жабу мәселесі ашық айтыла бастаған тұста Қазақстан коммунистік партиясының Семей облысы Абай аудандық комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев республика басшыларының алдында осы тақырыпта баяндама жасайды. Ядролық сынақтардан бір ғана ауданға келген зардапты өңірдің тумасы былай сипаттайды.
-Соңғы 40 жыл бойы осы өлкеде ядролық сынақтар жүріп жатыр. Тіршілік атаулыға аса қатерлі бұл жарылыс алғашқы 14 жыл бойы жердің бетінде жүрді. Жарылыс кезінде тараған радиацияның кесірін қазір полигонға жақын орналасқан Семей, Павлодар, Қарағанды, Алтай (Шығыс Қазақстан – ред.) өлкесінің халқы тарта бастады. Осы өңірлерде жаппай ауру меңдеп, өмір қысқара түсуде. Абай ауданында қатерлі ісікпен, аққанмен, лейкемиямен, көзді шел қаптаумен, жүрек пен қантамыр, тері, жүйке ауруларымен ауыратындар, өлетіндер көбейіп бара жатыр. Қатерлі ісікке шалдықпаған отбасы кемде-кем. Бір семьяда 4-5 адамның өлген жағдайлары бар, — дейді ол.
-Соңғы 10 жылдағы жарылыстар адамдардың психикасына әсер еткені соншалық, 27 мың ғана халқы бар біздің ауданда 104 адам асылып өлді. Полигонға жақын орналасқан Тельман атындағы совхозда ата-бабасынан бері өмірінде арақ ішіп көрмеген 22 жас жігіт асылып өлді. Қайнар совхозында 35 адамның ақыл-есі ауысып кетті. Ал енді бала көтеретін 5500 әйелдің 80 проценті анемиямен ауырады. Балалардың өлімі жиіледі. Биылғы маусым айында туған 70 баланың 11-і кемтар болып дүниеге келді. Екі басты бала, бүйрегі жоқ, қолы жоқ, есалаң балалар туа бастады. Қазір сынақ жер астында жүріп жатыр, яғни қасиетті Семей өңірі бұл күндері қатерлі газдың қоймасына айналуда. Өзінің қуатын 2000 жылдан астам уақыт бойы жоғалтпайтын плутоний газы бір күні жер бетіне шығып, бүкіл әлемді жоқ қылмасына кімнің кепілі бар? Биылғы 12 февраль күнгі жарылыста улы газ жердің бетіне шығып та кетті. Қазір халық арасында жаппай үрей басталды. Жолдастар, мен еш нәрсені қоюлатып айтып отырған жоқпын. 40 жыл бойы бұл ащы шындық халықтан жасырылып келді, — дейді аудан басшысы.
Дегенмен, министрлік жұмыс берушілер тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың нақты мөлшерін қадағаламайтын болып шықты.
-Бұл ретте, заңның 13, 14 және 15-баптарымен көзделген әлеуметтік қолдау шараларды жұмыс беруші ұсынатындықтан бұл әлеуметтік қолдау шараларына құқылы адамдардың саны туралы, сондай-ақ қалған сұрақтар бойынша мәліметтің болмауына байланысты жауап беруге мүмкіндік жоқ екенін жеткіземіз, — деп жазылған ведомствоның жауабында.
Сондай-ақ, министрлік Семей полигонынан зардап шеккен қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы қанша екенін, жыл сайын осы санаттағы азаматтарды қолдауға қанша қаражат бюджеттен бөлінетіні туралы сұрақтарды жауапсыз қалдырды.