Қазақстандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыру және отандық контент аудиториясын кеңейту мақсатында "EL ARNA" телеарнасы "Хабар" арнасымен біріктіріледі.
Бұл процесс 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталып, "EL ARNA"-ның барлық құнды контенті "Хабар" арнасының эфирінде жалғасын табады. Осылайша, үздік жобалар сақталып, кең аудиторияға қолжетімді болмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрліктің мәлімдемесі
– "EL ARNA" телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар мен мәдени-ағартушылық бағдарламаларды ұсыну арқылы маңызды миссия атқарды. Ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін бұл арнаның қызметін жоғары бағалаймыз. Қайта ұйымдастыру аясында барлық қызметкерлер "Хабар" агенттігіне жұмысқа орналастырылады, олардың жалақы деңгейі сақталады, сондай-ақ білімі мен тәжірибесі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады, – делінген министрліктің хабарламасында.
Қайта ұйымдастыру нәтижесі
"EL ARNA" телеарнасының бағдарламаларын өндіру мен таратуға бөлінген қаражат "24KZ" және "Хабар" арналарының контентін күшейтуге, сондай-ақ техникалық базаны жаңартуға бағытталады.
Министр "EL ARNA" телеарнасының қызметіне атсалысқан барша мамандарға алғыс айтып, олардың болашақтағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
"EL ARNA" телеарнасының тарихы
- 2000 жылдың 22 наурызында "Хабар-2" атауымен алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде құрылды.
- 2002 жылы "EL ARNA" атауын иеленіп, екі тілде хабар таратуға көшті.
- 2014 жылы арна өз жұмысын тоқтатып, оның орнына "24KZ" жаңалықтар арнасы іске қосылды.
- 2017 жылдың 27 наурызында "EL ARNA" отандық киноарна ретінде қайта ашылып, 2024 жылдан бастап жастарға арналған ойын-сауық арнасына айналды.