Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алуға байланысты облыстық штаб жанынан жедел желі іске қосылды.
Өңірде күн күрт жылынып, қар ери бастады. Орал қаласымен қатар ауыл-аймақта да тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді, деп жазады inbusiness.kz cайты облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Бүгінге дейін аймақта 872 мың текше метр қар шығарылып, қауіпті учаскелерден 19 мың текше метр қарғын су сорылған. Арықтар да қар мен мұздан аршылып жатыр. Қалалық жедел желіге "ауламызға су кірді" деген тұрғындардан 81 шақырту түскен. Сәйкесінше қала алты аумаққа бөлініп, әр көше төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті атқарушы орган мамандарының бақылауына алынды. Су басу қаупі бар елдімекендерде кезекшілік қойылды.
Тұрғындар шағымдар болса, call-орталықтың 50-02-55 нөміріне хабарласуына болады.